Қорғалжын маңынан Еуразия аумағында кездеспеген құнды жәдігер табылды

Қорғалжын маңынан орта-ғасырлық қыш құмыра табылды.

Таңқаларлық жайт, құмырадағы 6 литр сұйықтық құрамы сол күйі сақталған. Археологтар мұндай жәдігер Қазақстанда ғана емес, тұтас Еуразия аумағында алғаш рет табылып отыр дейді. Құнды құмыра орта ғасырдың үш бірдей кезеңінен, яғни Алтын Орда, Жошы хан қағанаты мен Керей-Жәнібек құрған қазақ хандығы тұсындағы өркениеттен сыр шертеді. 

Сыйымдылығы 6 литр қыш құмыраның салмағы зілдей. Ал археологиялық құндылығы тіптен өлшеусіз. Археология маманы Серғазы Сәкенов «орта ғасырлық жәдігер тарихи тың тұжырымдама жасауға негіз болады» дейді. Қыш ыдысты қазып алғанда мамандардың таңданысында шек болмады. Өйткені ортағасырлық ыдыс ішіндегі сұйықтық сол күйі сақталған екен.

Серғазы Сәкенов, А.Х. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері:

– Ішінде сұйықтығы бар қыш ыдыс бұл алғашқы рет табылып отыр. Ол Нұр-Сұлтан қаласына жақын Қорғалжың маңындағы ортағасырлық Бытықай қаласынан табылып отыр. Және бұл археологиялық ғылымда бұны институ дейді. Сол кезде 700 жыл бұрын қыш ыдысқа құйып, жерге қазып, көміп кеткен күйі табылған. Ешқандай өзгеріссіз, осындай біздің күнге дейін сақталып қалған.

14-15 ғасырда көмілген құмыраның ішіндегі қара қою сұйықтық – табиғи битум болып шықты. Бұны жуырда шыққан сараптама нәтижесі көрсетті. Археологтар битумның нақты өндірілген мерзімін анықтау үшін шетелге зерттеуге жібермек. Серғазы Сәкенов орта ғасырларда битум негізінен қорғаныс мақсатында, яғни жебелерді малып, от қою үшін қолданылғанын айтады. Алайда мына құмырадағы жанғыш сұйықтық өндірістік мақсатта пайдаланылған көрінеді.

Қазба жұмыстары кезінде қыш құмырадан бөлек, құмнан күйдірілген мынадай кірпіштер мен үлкен диірмен тастар табылды. Бұл да құмыра ішіндегі битумның тек өндірістік мақсатта қолданылғанын білдірсе керек. Ал төртбұрышты, жалпақтау келген мынадай кірпіштердің біркелкілігі – сол кездің өзінде құрылыс стандарттарының қолданылғанын білдіреді. Бұл да өркениетті мемлекеттің қалыптасқанының белгісі.

Серғазы Сәкенов, А.Х. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері:

– Арнайы үлкен кірпіштерді күйдіру пеші және арнайы глазурьді балқыту пеші табылды. Одан кейін қасында қатты минералдарды ұсатып, оны ұнтаққа айналдырып, кейін сол ұнтақты ерітіп, одан глазурь шығаратын диірмен тастар табылды. Бүкіл өндірістің циклі сол орыннан табылып тұр. Сол деректерге сүйеніп оны шамамен 14-15 ғасырға жатқызып отырмыз.

Демек, орта ғасырларда Нұра-Есіл өзендерінің бойында қала мәдениеті дамыған. Оған қазба кезінде табылған көне өндіріс орны дәлел. Бытықай қалашығының халқы табиғи битумды өндіріп, түрлі –түсті шынымен өрнектелген кірпішті жасай білуі өндірістік технологияны жетік меңгергенін аңғартады. Оған қоса, дәуірлес көне қалашықтардың архитектурасында ұқсастық бар. Демек, олар сол кезде біртұтас мемлекеттің тұсында дамыған.

Бақыт Топтаева, Ырыстанбек Оспанов