Электрсхемалардың өндірісін жолға қою мүмкін бе?

Еуразиялық экономикалық одақ аумағында микроэлектрсхемаларын салу техникалық тұрғыдан әбден мүмкін. Бұл дамудың қарқынын үдетер еді. Ондай зауыттарды ашудың ең оңай жолы микросхемалар өндірісін жолға қойған әлемдік алпауыттармен келісім жасау. Бұл туралы автонарық анализі мен мониторингі орталығының атқарушы директоры Алмас Дүйсенбай айтты.

Оңтүстік Корея, Қытай, Тайвань сынды мемлекеттермен келіссөздер жүргізілуі мүмкін. Сарапшының пікірінше, Одақ елдерінің өндіруші компанияны таңдағаннан кейін зауыт тұрғызудың егжей-тегжейіне шамамен 2 жылдан астам уақыт жұмсалуы мүмкін.

Алмас Дүйсенбай, Автонарықтың анализі мен мониторингі орталығының атқарушы директоры:

– Меніңше, құжаттаманың өзіне ғана осынша уақыт керек. Келіссөздер кезінде нақты техникалық жоспар болса, онда зауыт құрылысы мен құжатын реттеуді бірге жүргізуге болады. Ондай кезде, зауытты бой көтеріп, уақыт үнемделер еді. Алайда құжаттамалық негізін құруға екі жылдай керек деп ойлаймын.

Сарапшының пікірінше, микрочип өндірісін жолға қою өндіруші компанияның қойған шартына да байланысты. Әлемдегі электр схемаларының тапшылығын жою үшін алпауыттардың өздері әу бастан-ақ өндірісті кеңейтудің стратегиясын құрып қойған. Мәселен, АҚШ-тың Интел компаниясы 20 млрд доллар инвестиция салып, Аризона штатында жаңа зауыт салып жатыр. Интел компаниясының инженері Капил Дэйв чип жетіспеушілігі келер жылға ұласатынын айтады.     

Капил Дэйв, Intel компаниясының инженері (АҚШ):

– Менің ойымша, электрсхемаларының тапшылығы 2022 жылы ұласады. Аса күрделі емес схемалардың өндірісі келер жылдың орта шенінде қайта жандануы мүмкін. Бірақ, смартфон, соңғы үлгідегі техника мен қымбат көліктерге қажет чиптердің жетіспеушілігі 2023 жылға дейін сезілуі мүмкін. АҚШ нарығы да электрчиптердің тапшылығынан зардап шегіп отыр. Жаңа заманауи техника, ойын консольдерінің өндірісі тұралап қалған. Тұтынушы тарапынан сұраныс жоғары болғандықтан техниканың бағасы 10-15 процентке қымбаттады. Бұл ретте АҚШ билігі мәселенің қысқа және ұзақ мерзімді шешу жолдарын қарастырып жатыр. Қысқа шешімі – қазіргі электрсхемалардың өндірісін барынша қолдау. Ұзақ мерзімді жоспарға келсек, қазір конгресс жартылай өткізгіш чип өндірісін субсидиялау туралы жаңа заңды қарастырып жатыр.