Қызылордада түтін салығы неге жиналды?

Түтін салығын жинау заңды ма? Қызылордалықтар әлеуметтік желі арқылы осы сауалға жауап іздеді.

Талдыарал ауылдық округінің тұрғындарынан екі жарым мың теңгеден төлем алынып, оларға түбіртек те берілген. Жергілікті жұртты толғандырған мәселеге қатысты Қызылорда Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме басшылығы түсініктеме берді. Олардың айтуынша, қала аумағындағы елдімекен тұрғындарынан жиналған түтін салығы емес, оларға заңды түрде «орман билеті» сатылған.

Ардақ Жетебаев, «Орман және жануарлар ДҚММ» директор орынбасары:

– Орман қоры жерлерінен отын босатуға заңдылықтары бар. Оған орман билеті жазылады. Қазір орман қоры жерлерінен отын босатпағандықтан әкімгершілік жерлер бар ғой, сол жерлерден босатып жатырмыз. Әкімдер нақты шешімін шығарды. Енді ол жалғыз Талдыаралдан жиналмайды. Осы Қызылорданың айналасында от жағатын елдімекендер бар. Олар өз еркімен барып алатын болса, заңсыз болып есептеледі. Орман билетін алып барып, өздеріне тұтынатын отынды алу керек. 3 кубқа дейін отын кетеді. Далаға отын алуға барған  адам қайта-қайта бармас үшін толтырып алып келеді ғой. Мұның бәрі шығын емес пе?