Ұлы көштің куәгерлері Тұңғыш Президент музейінің жаңа ғимаратында бас қосты

Ұлы көштің куәгерлері Тұңғыш Президент музейінің жаңа ғимаратында бас қосты

10 желтоқсан – елорда тарихындағы ерекше күн. 1997 жылы дәл осы күні ел орталығы Алматыдан Ақмола қаласына көшті.

Шаһардың орталық алаңында өткен салтанатты шарада Нұрсұлтан Назарбаев Ақмоланы Қазақстанның астанасы деп жариялады. Көштің алғашқы легімен келіп, елорданың құрылысын қаласқан жандар бүгін Тұңғыш Президент музейінің жаңа ғимаратында бас қосты. Қаланың қалыптасуы мен даму кезеңінен сыр шертетін құжаттар мен фотосуреттерді, тарихи жәдігерлерді тамашалады. Ұлы көшке куә болған жандар естеліктерімен бөлісті.

Светлана Жалмағамбетова, Ақмола облысы әкімінің орынбасары:

– Сол уақытта мен Ақмола облысы әкімінің орынбасары едім. Не зейнетақы берілмейді, не жалақы берілмейді. Күнде орталық алаңда кісілер жиналып, қашан болады, қашан өзгеріс болады деп бізді тығырыққа тірейтін. Сондай уақытта өмір сүрдік. Ал бүгін шүкір дейміз.