Өткен аптада елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бес түрі қымбаттады

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Өткен аптада бағаның өсуі еліміздің үш облысында – Нұр-Сұлтан қаласы, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында тіркелді. Ең көп өсім Түркістан облысында және Алматы қаласында байқалды.

Атап айтсақ, қырыққабат 0,7%-ке, қарақұмық жармасы, айран 0,4%-ке, сүт, тұз 0,3%-ке қымбаттады. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә. Смайылов алдағы мереке күндерін ескере отырып, бағаны қадағалау, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және сауда желілерімен жұмыс жасауды күшейтуді әкімдіктерге қатаң тапсырды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықта тапшылықтың алдын алу және бағаны тұрақтандыру мақсатында мал мен көкөніс экспортына шектеу қою жұмыстарын жүргізуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі шектеулер күшіне енгенге дейін ішкі нарықтағы жағдайды күнделікті бақылап, талдау жүргізеді.

«Өңірлер бағаны белгілеу және делдалдық тізбектерді талдау бойынша өңірлік комиссиялардың жұмысын белсенді жүргізу және ӘМАТ бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуі қажет», — деді Ә. Смайылов.

Монополияға қарсы органның ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері өндірушілер мен көтерме жеткізушілерге қатысты 111 ескерту жіберіліп, 16 тексеру тағайындалды, бұзушылықтарды жою туралы 20 ұйғарым, 11 ескерту, өндірушілер, көтерме жеткізушілер және бөлшек сауда желілерімен 186 монополияға қарсы заңнаманы сақтау актісі қабылданды. Сауда үстеме ақысының 15%-тен асуы бойынша 75 жағдай тіркелді.