«Вечерний Алматы» газетіне – 85 жыл

Алматы қалалық «Вечерний Алматы» газетінің 85 жылдық құрметіне Республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арасында бильярдтан турнир өтті.

Бұл доданы «Alatau Aqparat» медиахолдингі ұйымдастырды. Бас демеуші – Қазақстан Республикасы Құрылыс салаларының Одағы. Турнирге 32 тастаяқ шебері қатысты. Аталмыш басылым қаланың тыныс-тіршілігін қалт жібермей, қырағы қадағалайды. Аптасына үш рет басылып шығады.

Журналист, оператор, фотографтар кийлерін сайлап, көздері жайнап, сайыс шымылдығын әнұранмен түрді. «Вечерний Алматы» газеті ең алғаш рет 1936 жылдың 28-ші сәуірінен бастап халыққа жол тартқан екен. Бүгінде таралымы 36 мың. Газеттің электронды нұсқасы да бар.

Әнуарбек Әуелбек, «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары:

–«ВА» осыдан 85 жыл бұрын қаламызда іргелі газет болған. Бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзіндік орны бар басылым. Негізінен Алматы қаласы әкімдігінің атқарып жатқан, Алматы қаласы мәслихатының атқарып жатқан іс-шараларын журналистиға тән барлық ақпараттарды беріп отыратын оқырман арасына кеңінен танылған жақсы басылымымыз әрі әріптестеріміздің бірі.

32 қатысушының қарсыласы анықтала сала, ойын қыза жөнелді. Әп дегенде-ақ алғашқы айналымның жеңімпазадары бой көрсетті.

Кенже Әмраев, «Хабар» телеарнасының операторы:

– Бильярд ойнаудың қиындығы – бұл жерге физика керек. Кім жеңсе де, ойыншылардың бәріне табыс тілеймін.

Ералы Сауранбаев, ҚР Құрылысшылар одағының төрағасы, демеуші:

– Үздік БАҚ арасындағы үздік турнирде кездескенімізге қуаныштымыз! «Вечерний Алматы» – біздің іргелі басылымдарымыздың бірі. Биыл бұл газет 85 жылдығын атап өтіп жатыр. Бұл шара тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл біз үшін өте үлкен мейрам. Жеңімпаздарға арнайы қомақты жүлделеріміз бар.

«Алматылықтар бізден керек ақпаратын тауып, бізді оқып демалса, бірге дамыса екен» дейді вечеркалықтар. Бұл жарыстың қызығы – жеңімпазды анықтаудан бұрын, әріптестердің өзара мәре-сара болып қуануы болды.

Кәмшат Әбілқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев

 

Сондай-ақ...