Қызылорда облысында жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды

Сыр өңіріндегі ауылдық елді мекендерде жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды. Тұрғындар үшін өзекті болған – дәрігерлік амбулатория, балабақша, мәдениет үйлері салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Әсіресе, Жаңақорған ауданында өзгеріс көп, деп хабарлайды Хабар 24.

Жаңарық ауылында екі мыңдай тұрғын бар. Мұндағы медициналық бекет өте көне әрі тар болатын. Биыл елді мекенде жаңа дәрігерлік амбулаторрия салынды. Барлық талапқа сай. Ең бастысы ауылдықтар аудан орталығына ем іздеп сабылмайтын болды. 

Балтабай Махатов, жаңарық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері:

– Әр науқас жалпы қан, зәр анализдерін тапсыруға ауданға баратын еді. 18-20 шақырым жерде. Енді анализдерді осы жерден тапсыра беретін болады.

Ал Әбдіғаппар ауылында балабақша жоқ еді. Бұған дейін ауыл мектебінің бір бөлігінде шағын орталық қана болған. Жақында 50 орынды жаңа балабақша іске қосылды. Әзірге мұнда 25 бала тәрбиеленеді. 10 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған.

Бақытгүл Мырзабаева, балабақша меңгерушісі:

– Келесі 2022 жылға тағы 25 баланы қамтимын деп отырмыз. Жоспарға тағы 10 қызметкер алуды қойып отырмыз.

Осы ауылдағы бұрынғы тойхана мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында зәулім спорт кешеніне айналды. Бүгінде 200 өрен спорттың 5 түрімен шұғылданып жүр. 

Нұрай Ермекбай, оқушы:

– Күнделікті жаттығу болады. Барлығы уақытымен, ағайлардың бәрі білгендерін бізге айтып, күшті жаттығулар болып жатыр.

Марат Мантаев, кәсіпкер:

– Қазақ күресі, еркін күрес, қыздар күресі, волейбол, таэквандо бар. Сосын тренажер залымыз бар. Әлі де толықтырулар болады, әлі біраз нәрсе әкелеміз, ауыл өте қуанышты.

Соңғы 3 жылда ауданда 11 спорт кешені пайдалануға берілген. Оның бесеуі биыл ашылды. Ауданда әлеуметтік нысандар құрылысы да қарқынды. Бүгінде 3 мектеп пен 2 мәдениет үйі салынып жатыр, – дейді мамандар.

Орман Ахметов, Жаңақорған аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

– Бірлік ауылында 90 орындық балабақша құрылысы жүріп жатыр. Оның да іргетасы қаланып, ішкі әрлеу жұмыстары жүруде. Бұл нысандар 2022-ге өтпелі. 2022 жылдың басында пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз.

Сүттіқұдық, Төменарық, Екпінді елді мекендеріне ауыз су тарту жұмыстары да биыл басталған. Жаңақорған кентіндегі ауыз су жүйелерінің құрылысы да жалғасып жатыр. Бұл жобалар келесі жылы аяқталмақ.

Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев