Елімізде 30 жыл ішінде 987 мың қандас азаматтық алды

Соңғы 30 жылда 1 млн 90 мыңдай қандастың 987 мыңы ел азаматтығын қабылдады, деп хабарлайды Хабар 24.

Ал жыл басынан олардың саны 16 мың 900-ден асты. Басым бөлігі Өзбекстаннан, Қытайдан, Моңғолия мен Ресейден келген. Ішкі істер министрлігі этникалық қазақтарға азаматтық беру тәртібін жеңілдету шараларын жалғастырып келеді. Мәселен, қазіргі уақытта атамекеніне қоныс аударушылар 1320 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем қабілеттігін растамайды. Сондай-ақ өзге де жеңілдіктер қарастырылған.

Лесбек Айдашев, ІІМ көші-қон қызметі комитеті басқармасының аға инспекторы:

– Қазір барлық 3 кезең бір уақытта қызмет көрсетіліп, жалпы азаматтық алу мерзімін қарау 6 айдан 3 айға дейін қысқартылды. Қазіргі уақытта осы мысал бойынша мүдделі органдармен бірлесіп бекітілген Жол картасы негізінде халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қандас куәлігін беруден бастап азаматтыққа қабылдауға дейінгі «бір терезе» қағидаты бойынша бірыңғай алгоритм енгізілуде.