Ақорданың наградасы биыл кімдерге бұйырды?

Бірі ақын, бірі жазушы, енді бірі ғалым және мәдениет қайраткері. Бүгін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мемлекеттік награда иелері марапатталды. Салтанатты шарада Қазақстанның Еңбек ері атағы мен ғылым саласындағы ең мәртебелі – әл-Фараби атындағы сыйлық та табысталды. 

Әдетте тек шетелдік делегация мүшелерін салтанатты қарсы алу рәсімі өтетін жер бүгін өзгеше түрленді. Әр түрлі елдің президент, премьер-министрлері отыратын орынға нағыз еңбек адамдары жайғасты. Қарапайым ғылыми қызметкер, мұғалім, дәрігер және өндіріс шеберлерін мемлекет басшысы Ақордаға арнайы шақырып, марапаттады. Әйтпеске болмайды. Себебі бұл мемлекеттік награда иелерінің қай-қайсы да биыл тынымсыз тірлік, өлшеусіз еңбегімен танылды. Мәселен, бір ғана биолог ғалым Күнсұлу Закарьяның шығарған «QazVac» вакцинасы – әлемде коронавирусқа қарсы қабілетті деп танылған алтыншы екпе. Оны отандық өнертабыс деуге толық негіз бар. Препарат Жамбыл облысындағы биологиялық екпелер зауытында шығарылып жатыр. Шетелге де экспортталады. Жақын арада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелуге тиіс. Бүгін аталған өнертабыстың авторы, әйгілі ғалым Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Күнсұлу Закарья, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– «QazVac» вакцинасы оңай пайда болған жоқ. Осындай қауіпті уақытта бізге демалатын уақыт жоқ. Сондықтан біз оны 1 жылда шығардық. Оған қоса тағы 4 вакцина шығарып жатырмыз. Қазірдің өзінде бәрі де жұмыста.

Күні-түні көз ілмей, ұлт қамын ұдайы ойлап жүргендердің тағы бірі – Роза Шишенбаева. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы жалпы білім беру мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі. Кейінгі 2 жыл ұстаздар үшін де оңайға соқпады. Білім берудің заманауи әрі тиімді платформаларын меңгеріп, шәкірт тәрбиелеу ісін жаңа деңгейге көтерді.

Роза Шишенбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:

– Келер жылы бұйырса Маңғыстауда дәріс бергеніме аттай 40 жыл болған екен. Осы еңбегіме керемет тарту. Бұл енді маған ғана берілген баға емес. Бүкіл Жаңаөзен мұғалімдеріне берілген сый.

Биылғы мемлекеттік награда иелерінің қатарында елдің бай руханияты мен мәдениеті саласының майталмандары да бар. Қазақстанның Еңбек Ері атағы 3 адамға берілді. Соның бірі – жазушы Әкім Тарази. Елордадағы онкология орталығының бас дәрігері Мұхтар Төлетаев пен «Қазцинк» серіктестігінің басшысы Александр Хмелев те осы мәртебелі марапатты алды. Ал қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Отан» орденін кеудесіне тақты. Аталмыш награда жазушы Сәбит Досанов пен ақын Ақұштап Бақтыгерееваға да бұйырды.

Ақұштап Бақтыгереева Ақын, «Отан» орденінің иегері:

– Спортшы, актер, кәсіпкерлер де бүгін Президенттің қолынан мемлекеттік награда иеленді. Кейінгі жылдары отандық киноиндустрия саласына соны сүрлеу салған Нұрлан Қоянбаев та «Шапағат» медаліне лайық деп танылды.

Нұрлан Қоянбаев актер, «Шапағат» медалінің иегері:

– Бізді олай елемесе де, комедия жанрында жұмыс істеуден шаршамаймыз. Өмірде драма да, позитив те болады. Сол позитив жағында еңбек етуге, қолдан келгенше тырысып жатырмыз.

Президент шарада қысқа мерзімде Қазақстан халқының қол жеткізген жетістіктерін атады. Өткен 30 жылда тұғыры берік, экономикасы қуатты, беделі биік мемлекетке айналғанымыз айқын. Мұның бәрі, ең алдымен, тұтас ел-жұрттың ерен еңбегі мен Елбасы бастамасымен жүзеге асқан көреген саясатының жемісі деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Кез-келген халықтың табысқа жетуі азаматтарына байланысты. Бұл – өмірдің заңы. Адам капиталы мықты мемлекет барлық қиындықты еңсере алады. Тәуелсіздік кезеңінде халқымыз елдіктің бірегей үлгісін көрсетті. «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтылмаған. Шын мәнінде, біздің бүгінгі жетістігіміз – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Жаңа Қазақстанды өркендетуге азаматтарымыздың көбі сүбелі үлес қосты. Бүгінгі мерейлі сәтте еліміздің барша азаматтарына табанды еңбегі үшін зор алғыс айтамын.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы көпғасырлық мемлекеттілігіміздің маңызды кезеңі және заманауи Қазақстан жылнамасындағы айтулы белес. Осы жылдар ішінде еліміз күрделі сын-қатерлерді еңсерген үлкен жолдан өтті. Ел азаматтарының басым көпшілігі қажырлы еңбегімен қуатты әрі дамыған мемлекет құру ісіне елеулі үлес қосып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіздер нағыз отаншылдықтың, кәсіби білік пен адал еңбектің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді. Осыдан бір жыл бұрын мен үлкен мерейтойды шусыз, даңғазасыз, ысырапсыз нақты жұмыстармен атап өту қажеттігі туралы айттым. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында жаңа, ауқымды реформалар қолға алынды. Сондықтан, бұл жылды нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Біз экономиканы және әлеуметтік саланы жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Індетке қарамастан, мемлекет отандық бизнеске қолдау көрсетуде.

Кейінгі жылдары да мемлекеттік басқару жүйесінде ауқымды өзгерістер болды. Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған 10 ұлттық жоба бекітілді. Қоғамдық-саяси салада елеулі өзгерістер жасалды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Президенттің жарлығымен биылғы ерен еңбек иелері өңірлерде де марапатталып жатыр. Бұл құрмет – олардың еткен еңбек, маңдай терінің өтеуі.

Рауан Мыңбаев, Қорған Қонысбайұлы