Атырауда балық аулауға берілген лимит игерілмей жатыр

 

Атырауда балық аулауға берілген лимит игерілмей жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Жайық өзені деңгейінің төмендеуі осындай олқылыққа әкеліп соқты, – дейді балықшылар. Ал түп тереңдету жұмыстарынан қайран болмағанын айтады. Балықшылар Каспий теңізіне бөлінетін лимит көлемін арттырып, балықты теңізден аулауға көшу керек дегенді айтып отыр.

Балықшылардың есебі бойынша күзгі маусымда берілген лимиттің кем дегенде 25-30 проценті игерілуі керек екен. Алайда биыл тіпті 20 процентке де жетпей қалған. Мұнайлы өңірдегі балық шаруашылығымен айналысатын 17 мекеменің мәселесі ортақ.

Санат Тілепбергенов, «Қазақ-Балық» қауымдастығы облыстық филиалының басшысы:

– Күзгі маусым лимиттерінің орындалмау себептері – ең біріншіден судың жоқтығы. Жайық өзенінде, Қиғаш өзенінде судың төмендеуіне байланысты Теңіздің құяр саласындағы жерлердің таяз болуына байланысты балық кіре алған жоқ. Тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр, бірақ тиянақты емес. Биылғы жылғы күзгі маусымда Жайық өзенінің құяр саласындағы тереңдік 40 сантиметр.

Түп тереңдету жұмыстарын жүйелі жүргізу керек, – дейді балықшылар. Бұл мәселе балықпен қоса балықшыларды да әбігерге салып отыр. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік инспекциясының мәліметінше, Жайық өзенінен ауланған балық көлемі тіпті азайып кеткен. Мысалы, былтыр 1200 келіден астам балық ауланса, биыл ауланғаны 647 келі ғана.

Рүстем Қорқытов, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:

– Жайық өзені бойынша бөлінген квота 5 мың 368 келі, ауланғаны 647 кг. Қиғаш өзені және сағалық кеңістігі бойынша бөлінген квота – 3 мың 937 келі, ауланғаны 1 мың 108 келі. Каспий теңізі бойынша бөлінген квота 20 мың 875 келі, оның ішінде Атырау облысы шегінде – 11 мың 524 келі, ауланғаны 2 мың 999 келі.

Балық бұрынғыдай ауланбағаннан кейін баға да көтеріліп отыр. Тіпті базарда жаңа ауланған балық жоқтың қасы. Десе де балықшылар үміттерін үзер емес. Күзгі лимитті көктемде толтыруға ниеттеніп отыр.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин