Арқалықта 5 мың ірі қараға шақталған бордақылау алаңы ашылды

Арқалықта бес мың ірі қараға шақталған бордақылау алаңы ашылды. Ет комбинаты келесі жылы іске қосылады. Кәсіпорын бұдан былай шикізат тапшылығын да көрмейді. Құнарлы азық жеткілікті.

Арқалық маңындағы бордақылау алаңы үш жыл ішінде бой көтерді. Жобаның құны 2 млрд 700 миллион теңгеден асып түсті. Құрылыс жұмыстарына мемлекет те сүбелі үлес қосты.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

– Осы нысанның құрылысына өз жағымыздан жергілікті атқарушы билік біраз қолдау көрсетті. Инженерлік желілерді салып берді. Сумен қамту, электр қуатымен қамту және т.б. қамту бойынша бюджеттен қаржы бөліп, жаңадан құрылыс жүргізіп жеткізіп бердік.

Мал семіртетін алаңда бір мезетте 5 мың ірі қара ұстауға мүмкіндік бар. Оның тең жартысы – қазақтың ақ бас сиырлары. Құнарлы азықпен салмақтары жарты тоннаға жеткізіледі.

Жақсылық Қаратаев, зоотехник:

– Бір жылдық малымыз 400 келі тартады. Енді бір 300 келіге таяу ет береді. Ал екі жылдық 370 кг ет береді. Олардың салмақтары 500-600-ге дейін барады.

Бордақылау алаңы малды жергілікті халықтан бөлек, көршілес Амангелді, Жанкелдин, Науырзым ауданы және Ақмола облысының тұрғындарынан қабылдайды. Осылайша ауыл фермерлеріне төрт түлікті қаладағы осындай нысандарға тасымалдаудың қажеті жоқ.

Руслан Құлетов, Арқалық қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– 2018 жылы ет комбинаты ашылған. Бұл бізге толық 2022 жылдан бастап 100 процент жұмыс істеуіне үлкен көмек боп отыр.

Келер жылдан бастап Арқалық өңірінде тағы бір ірі мал семіртетін шаруашылық ашылмақ. Оның қуаты 10 мыңдай сиыр мен бұқа өсіруге жетеді.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров