QazVac вакцинасын ДДСҰ жуырда мақұлдауы тиіс – Сума Чакрабарти

Отандық QazVac вакцинасын дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жуырда мақұлдауы тиіс. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі Сума Чакрабарти «Хабар» арнасына берген сұхбатында айтты. Ерлан Бекхожиннің «Национальный интерес» атты бағдарламасында студия қонағы коронадағдарыс жағдайындағы ел экономикасының даму бағдарына кеңінен тоқталды.

Бүгінгі «Национальный интерес» бағдарламасының қонағы Сума ЧакрабАрти мырза екі бірдей жоғары лауазымға ие. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі әрі Реформалар жөніндегі Жоғары Кеңес төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Ерлан Бекхожинге берген эксклюзивті сұхбатында Сума Чакрабарти мырза отандық Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының QazVac вакцинасын мақұлдауына қатысты болжамын айтты.

Сума Чакрабарти, ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі:

– Жыл сайын екпелердің құрамын өзгерту керек. Халықты вакциналау үшін нарыққа жаңа нұсқалар енгізу қажет. Меніңше, Қазақстан орасан зор, үлкен жұмыс атқарды. 8 миллионнан аса адам екпе алды. Вакциналау қарқынын арттыруды жалғастыру керек. Осыны әрі қарай насихаттаңыз. QazVac-ты, жақында ДДСҰ мақұлдайды және бұл қазақ ғылымының жетістігі. Айта кетерлік жайт: бұл алғашқы дағдарыс емес, соңғысы да емес. Пандемияға қатысты ахуал қайтадан ушығып кетуі мүмкін.

Президенттің штаттан тыс кеңесшісінің пікірінше, бизнестің тыныс-тіршілігі толықтай эпидахуалға тәуелді. Өйткені, вирустар үнемі мутацияға ұшырайды. Ал індетті жеңіп шығудың жалғыз амалы – ғылымға бет бұру. Сондықтан экономиканың даму бағдары енді ғылымға байланысты болып тұр. Бұл ретте ЧакрабАрти мырза Қазақстанның экономикасы мен індет жайлаған тұста дағдарыстан шығу жолдарына тоқталды.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Төрағасы:

– Тақауда ғана Мемлекет басшысының қатысуымен кезекті отырыс өтті. Сол отырыста құнды қағаздар мен банк секторының дамуына қатысты есеп берген едіңіз. Қарапайым қазақстандықтарға алда қандай өзгерістер күтіп тұрғанын, өмірімізге қалай әсер ететіні жайлы айтып бере аласыз ба?

Сума Чакрабарти, ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі:

– Макроэкономикалық саясаттың жаңа әдістерін әзірлеу арқылы азаматтардың қажеттілігі мен мұқтажына лезде жауап бере алатын банк жүйесін құрып, қарапайым халықтың өмірін жақсартуды қалаймыз. Қазір банктер ұзақ мерзімді несие бере алмайды. Көбі тек қысқамерзімді несиелер. Қазір осындай активтерді қолданатын елдердің соңынан ілесіп келе жатырмыз. Халыққа қызмет ететін банк жүйесін құру үшін оны алдымен тазарту керек.

Президент кеңесшісі жаңа реформаларды әзірлеу кезінде эпидемиологиялық жағдайды қалпына келтіруден басқа бірнеше факторларды ескеру керегін айтты. Әсіресе, климаттық өзгерістерге баса мән берген абзал.  Өйткені трансұлттық инвесторлар, халықаралық банктер, несие және рейтинг агенттіктері жекелеген экономикалардың ауытқымалы жағдайларға бейімделуін жіті қадағалап отыр.

Сума Чакрабарти, ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі:

– Пандемиядан бөлек, климаттың өзгеруіне баса мән беру қажет. 20 жыл бұрын бұл мәселе ешкімді аса толғандырмаған еді. Қазір бәрі де өзгерді. Болашақты бағдарлау үшін әлем елдері климаттың өзгеруін зерттеуге кірісті. Дүниежүзілік банкі, дүниежүзілік валюта қоры мен несиелік рейтинг агенттіктері Қазақстан мен өзге мемлекеттердің бұл бағыттағы іс-қимылын жіті бақылап отыр.

Студия қонағының өзге де мәселеге қатысты пікірін бүгін «Хабар» арнасынан 22:30-да Ерлан Бекхожиннің «Национальный Интерес» бағдарламасынан көре аласыз.

Бақыт Топтаева

Сондай-ақ...