Қапшағайда қызанақ өсіретін жылыжай іске қосылды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қапшағай қаласында қуаттылығы жылына 2500 тонна өнім шығаруға жететін, 4 га алаңды алып жатқан жылыжай кешені іске қосылды. Бұл - қызанақ өсіретін жылыжайдың 4-ші кезегінің пайдалануға берілуі. Мұнда тағы 70 адам жұмысқа қабылданып, 3,5 млрд. теңге инвестиция тартылды, деп хабарлайды Хабар 24 Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Нысанның ашылу салтанатында сөйлеген Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев Қапшағай қаласындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 107,4 млрд. теңге болса, ауыл шаруашылығында өндірілген өнім 21,3 млрд. теңгеге жеткенін айтты.

– Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздіктің арқасында экономиканың барлық саласында өсімге қол жеткізілді. Мәселен, біздің Қапшағай қаласында өнеркәсіп те, ауыл шаруашылығы да қатар өркендеп келеді. Қазіргі кезде 325 шаруашылық жұмыс істейді, егіс алқабы 13 мың гектардан асты. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 22,6 млрд. теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд. теңгеге артық. Бүгін өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы тағы бір маңызды нысан – «LSTAгро» жылыжай кешенін ашып отырмыз. Соның арқасында Қапшағайдың экономикасына 3,5 млрд. теңге тартылды. Заманауи нысан халықты сапалы отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге үлкен үлесін қосады деп сенеміз, - деді Н. Құматаев.

Жылыжай кешенінің басшысы Самат Мұхамедияровтың айтуынша, жылыжайды дамыту жұмыстарын 2013 жылдан бастаған. Бұл ретте «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қолдауға ие болып, 1 млрд. теңге алды.

– 2013 жылдан бастап барлығы 4 кезеңде жылыжайдың іргесін кеңейттік. Қазір «LSTAгро» жылыжай кешенінде 150-дей адам еңбек етеді. Жарты жылда тұрғызылған жаңа кешенде қызанақ өсіруге арналған құрал-жабдықтар орнатылған. Біз тамшылатып суару тәсілін, голландиялық технологияны қолданамыз. Ал тозаңдануды жақсарту үшін Голландиядан аралар әкелдік. Қаңтарда жаңа жылыжайдың қызанақтарын сатылымға шығара бастаймыз. Бір қатарға шамамен 180 түп қызанақ отырғызылған, бір сабағы 150 метр, екінші сабағы шамамен 140 метр болады. Өнімділігі орта есеппен алғанда әр гектарынан 90 тонна шығады. Жылына 2-2,5 мың тонна сапалы өнім жинауды жоспарлап отырмыз. Жылыжайда қызанақ пен баклажан өсіріп отырмыз. Жалпы өнімдеріміз Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының сауда нүктелеріне шығарып, Ресейдің нарығына жеткізіледі. Беларусқа экспортқа шығару туралы ұсыныстар да бар. Алдағы жылдарда «Бағдаршам» сортты бұрыштар мен қияр өсіруді қолға аламыз, - деді С.Мұхамедияров алдағы жоспарлары жайлы баяндап.

Қапшағай қаласы әкімдігінің хабарлауынша, «LSTAгро» ЖШС-ның кезекті жылыжай кешенінің 4 кезегін түгел іске қосудың арқасында бір жылда 4-4,5 мың тонна өнім өндірілетін болады.