Болашағын білемін деп 12 млн теңгеден айырылды

Қарағандылық тұрғын әлеуметтік желіде танысқан балгерге қомақты соманы онлайн аударып жіберген, деп хабарлайды Хабар 24.

Оқиғаның мән-жайын полицейлер былай деп түсіндірді. 41 жастағы әйел желіде «болашақты  тегін болжаймын» деген хабарландыруды көреді. Кейін сол «балгермен» байланысқа шығады. Желідегі әңгіме барысында «балгер» әйелдің сеніміне кіріп, ақша талап ете бастайды. Бұл қаражат «майшам сатып алуға және түрлі жоралғы үшін керек» деп ақталады. Осылайша, әйел желіде танысқан белгісіз адамға  бас аяғы 12 миллион теңгеден астам ақша аударған. Ал кейін жиған тергені қолды болғанын түсініп полицияға арыз жазады. Абырой болғанда, тәртіп сақшылары «балгерді» ұстады. Ол 23 жастағы ер адам болып шықты.

Күдікті кінәсін толық мойындады. Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.