Тәуелсіздік күні қарсаңында Жамбыл облысында 140 отбасы баспаналы болды

Қаратай қаласында тоқырау жылдары бос қалған үйлер жөнделіп, баспана кезегіндегі тұрғындарға беріліп жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Сондай көпқабатты тұрғын үйлердің бірі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қайта жаңғыртылды. Соның арқасында жалғыз басты, көпбалалы мұқтаж жандарға пәтер кілті табыс етіліп, қоныс тойы тойланды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында баспаналы болғандардың қатарында Балбековтер әулеті де бар. Көпбалалы отбасы бұл қуанышты 15 жыл күткен. Шаңырақтың иесі Көктал ауылында тұрып, 27 жыл бойы жергілікті зауытта жұмыс істеген. Ұзақ жылғы еңбегінің жемісін тарихи мерекеде көріп отыр.

Дариға Үсіпова, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Керемет! Айтуға сөзім жоқ. Керемет үй. Маған ұнады. Балаларымыз да қуанып жатыр. Есіктің алды тіптен керемет екен. Бала-шағамыз көп болғандықтан 4 бөлмелі үй берді. Рахмет көп-көп!

Бұл үйлер 90 жылдардың тоқырауында қаңырап бос қалған. Тура аудандық әкімдіктің жанында есік-терезесі үңірейіп қала көркін бұзып тұрған еді. Химия өндірісінің алыбы саналатын серіктестік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында көпқабатты үйді жөндеп ел игілігіне берді. Соның арқасында 72 отбасы баспаналы болды.

Нұрхан Нұрланов, «Қазфосфат» компаниясының бас директоры:

– Бұл – біздің компанияның көптеген әлеуметтік жобаларының бірі. Бүгін мұқтаж жандар мен еңбек ардагерлері көптен күткен баспаналарына қол жеткізді. Бастама әлі де жалғасын табады.

Жаңадан берілген көпқабатты үйдің бірінші қабаты толықтай коммерциялық қызмет үшін жасалған. Дүкен, қоғамдық тамақтану, сұлулық салондарын ашуға ыңғайлы. Бұл моно қаладағы шағын кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә