Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған рекордтар кітабы жарық көрді

Бірі ауыр вагонды сүйресе, екіншісі тісімен екі пұт кіртасын көтереді. Тағы бірі небәрі 14 жасында композитор атанып отыр. Алматыда Қазақстан рекордтар кітабінің жаңа басылымы жарияланды.

Осымен 12-рет шыққан Қазақстан рекордтар кітабына спортшылар, медицина өкілдері, әдебиет саласы, фотография, режиссура және қолөнершілер енді. Биылғы жинақ ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. 

Әуесқой түсірілім. Ел арасында «Қазақ Титан» атанған Алмат Жұманов қара күштің иесі. Ол жүк тиелген 109 тонналық вагонды 8,5 метрге сүйреген. Бұл жетістігін Гиннестің рекордтар кітабы мойындапты.

«Бірақ арнайы сетификат әлі қолыма тиген жоқ»,- дейді Алмат.

Балуан үшін жеңіл көліктерге қарсы тұру күнделікті жаттығуға айналған. Тіпті 300 келі түйені көтеру де түк етпейді екен. Қара күш иесі бүгін Қазақстан Рекордтар кітабының кезекті санына енді.

Алмат Жұманов, рекордшы:

- 300 килограмдық түйені көтеріп, артымда үш көлік болды соны бірге, бәрін бірге 13 метрге сүйредім. Түйені иығыма салып алдым да артымда үш көлік болды. Екі джип, бір жеңіл машина, соның бәрін 13 метрге дейін тартып сүйредім.

Марапаттау салтанатына қатысқан азаматтар рекордшылардың тізіміне бекер қосылмағандарын дәлелдеді. Олар бүгін де халық алдында шеберліктерін көрсетті. Шара барысында Айдын Нұржұма отандық рекорд жасады. Шыны сынықтарын жалаң аяқ басып тұрып, тісімен және төс сүйегімен 32 келі кір тасын көтерді. Одан кейін бет сүйегімен тағы 10 келіні бағындырды.

Айдын Нұржұма, рекордшы:

- Бала кезден күреспен айналысқам, әкем жаттықтырушы, әкем үйреткен. Қазіргі айналысып жатқаным темір көтеру, күшпен бағындыру әдістерімен 2020 жылдан бастап айналысып жатырмын. Қазақстанның рекордтар кітабына екінші рет кіріп жатырмын. Бірінші кірген дүние ол төс сүйекпен машина тарту 63 метрге.

Бүгін Қазақстан рекордтар кітабына енген 14 адамға арнайы сертификат табысталды. Рекордшылар спорттан басқа салаларда да бар. Мысалы, 14 жастағы пианист әрі скрипкашы Нұрәлі Бейсеқожа 100-ден астам туынды жазған. Жалпы жинақ ішіндегі деректердің үштен бірі жаңартылған, дейді ұйымдастырушылар. Кітапта еліміздің табиғи ерекшеліктері мен жануарлар дүниесі де қамтылған.

Қуаныш Тазабеков, Қазақстан рекордтар кітабының бас редакторы:

- Тың істерді, рекордтық нәтижелерді ғана тіркейміз. Сондықтан мына биографиялық көптеген мәліметтер, ұзын-сонар мәліметтер жоқ. Фактілер лаконикалы түрде беріледі. 2-3 сөйлеммен ғана және де біз көптеген рекордтардың ішіне тек ғана адамды рухтандыратын, шығармашылық табыстарға жетелейтін жетістіктерді ғана тіркеуге, тізуге тырысамыз.

Айта кетейік, әлемде 50-ден аса ұлттық рекордтар кітабы бар. Соның бірі Қазақстан рекордтар кітабы 1999 жылдан бастап жарыққа шығып келе жатыр. Анықтаманың басты мақсаты еліміздегі дарынды азаматтарды тіркеп, әлемге танымал ету.

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев