ТЖМ-ның авиация паркіндегі техниканың небәрі 25 проценті жаңа

«Қазәуеқұтқару» мекемесі Қазақстанда құрастырылған екі жаңа МИ-8 тікұшағымен толықты. Әскери техника Алматыдағы авиажөндеу зауытында құрастырылды. Тікұшаққа қажет бөлшектер Ресейден жеткізілді. Осылайша бір жыл ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациялық паркі осы үлгідегі алты тікұшақпен толықты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациялық паркіндегі техниканың 25 проценті ғана жаңа. Сондықтан оны жаңарту өте өзекті мәселе болып тұр. Қазір барлығы әр түрлі үлгідегі 35 техника бар. Оның өзі жеңіл, ауыр және өте ауыр әуе кемесі болып бөлінеді. Осыдан екі жыл бұрын Ресеймен арадағы келісімдерге сәйкес ресейлік Ми-8 АМТ тікұшағының өндірісі Қазақстанда қолға алына бастаған болатын. Қосалқы бөлшектер сол елден жеткізіледі. Техника Қазақстанның күш құрылымдарының қажеттіліктері үшін жиналады. Бүгінгі күнге дейін «Қазәуеқұтқару» алты тікұшақты қабылдады.

Алмас Ғабдуллин, «Қазәуеқұтқару» АҚ Баспасөз хатшысы:

- Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында біздің материалдық техиникалық база тағы да жаңа техникамен толығып жатыр. Бұл әрине біз үшін айтулы жаңалық. Ми-8 және оның экспорттық модификациясы Ми-17 әлемдегі ең ірі тікұшақтардың бірі. Оны түрлі жағдайға пайдалануға болады. Сондықтан өндірушілер үнемі жаңартып тұрады.

Жаңа тікұшақтар еліміздің әр түпкірінде жұмыс істейтін болады. Басым көпшілігі таулы аймақтарда құтқару шараларын жүргізуге арналған. Арасында суға қонатын түрі де бар. Тікұшақтар табиғи апат аймақтарына, авариялық-құтқару жұмыстарына, орманды қорғау, өрт сөндіру мен санитарлық авиация қызметіне ыңғайланып жасалған. Қазір шетелге де шығып жүр.

Алмас Ғабдуллин, «Қазәуеқұтқару» АҚ Баспасөз хатшысы:

- Биыл жазда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Түркияға көмек көрсету үшін екі Ми-8 АМТ тікұшағы жіберілді. Ондағы тапсырмалар сәтті орындалып, барлық құтқарушылар туған жеріне аман-есен оралды. Бауырлас елге қолдан келгенше көмек көрсетіп қайтты.

Құтқару ұшақтарын қайта жарақтандыру әлі де жалғасады. Авиация паркі тағы тағы 5 Ми-8 АМТ тікұшағымен толығады деген жоспар бар. Келесі жылы жалпы «Қазәуеқұтқару» тікұшақтарының саны 40-қа жетеді. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Григорий Беденко, Эдуард Кон