«Сарыарқа – тарихтың бастауы»: елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті

Тәуелсіздік күні – ұлы мереке. Бұл күні өткен тарихқа тәу етіп, атқарылған жұмыстарға баға беру керек. Осы мақсатта елордадағы Сарыарқа ауданы әкімдігі ел дамуына үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерін, ардагерлерді, зиялы қауым өкілдерін бір жерге жинап, ерекше құрмет көрсетті. Мерекелік төсбелгілер табыстады. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.

«Тәуелсіздік тұғырындағы 30 жыл: Сарыарқа – Елорда Тарихының Бастауы!». Бас қалада осындай атаумен арнайы шара өтті. Оның барысында ел тәуелсіздігінің мәні мен маңызы және  осы аралықта атқарылған жұмыстар жайында айтылды.

Есет Байкен, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының әкімі:

– Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаттарының бірі – ең алдымен тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің дамуына көз жүгіртіп, барлық атқарылған игі істердің негізі ол егемендігіміздің арқасы екенін бүкіл халыққа паш етіп, дәріптеу, насихаттау. Екіншіден, осы еліміздің дамуына үлес қосқан ағаларымыз, мемлекет және қоғам қайраткерлерін,ауданның белсенді тұрғындарымен кездесіп және де ел игілігі жолында еңбек атқарып жүрген лайықты азаматтарды, тұлғаларды марпаттау.

Ел дамуына үлес қосып жүрген ардагерлерге «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» төсбелгісі табысталды. Бұл құрметке аудандағы 12 адам ие болды. Бұдан бөлек, 8 адамға «Халық алғысы» мадалі берілді. Сонымен қатар, белсенді азаматар қала және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Ерлан Қаналимов, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы:

– 30 жылдық мерейтой тарих белесінде жай ғана дата болғанымен, біздің еліміз үшін ерекше маңызы бар. Мәнді мерекелердің бірі. Басты мереке. Өйткені, 30 жылдың ішінде біз Елбасымызбен бірлесіп, ел болып, халық болып, қазақстандық даму жолын алға қойып, жеке мемлекет болып, тәуелсіз мемлекет болып алға басып кеттік.

Салтанатты жиын барысында  көпбалалы аналар да назардан тыс қалмады. Оларға  «Алтын алқа» және «Күміс алқа» берілді. 

Аслан Қаженов, Ержан Рахманбердиев