Қазақстандықтар зейнетақы аннуитетін сатып алу арқылы зейнетке ерте шыға алады

Ол үшін шотта белгілі бір сома жиналуға тиіс. Бүгін тиісті заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Хабар 24.

Зейнетақы аннуитеті биыл айтарлықтай арзандады. Ол үшін ер адамның шотында 6,7 млн теңге, ал әйелдер үшін 9 млн теңге болуы шарт. Ал төлемдер  55 жастан бастап беріледі. Мәжіліс аталған механизмді оңтайландыру мәселесін мақұлдап отыр. Яғни енді ерлі-зайыпты мен туған туыстар оны жиған қаржысын біріктіре отырып, сатып ала алады.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы:

– Егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинақтарын бірге қосып, зейнетақы аннуитетін сатып алады. Сонымен бірге төлемдерді өмір бойы алуға мүмкіндік алады.

Сақтандыру компаниясы жазатайым жағдай кезінде отбасына кепілдік жасау жолын ұсынады. Айталық, егер адам қайтыс болса, зейнетақы төлемі туған-туысының атына аударылады. Бұдан бөлек, отырыста зейнетақы жинағының шекті межесін көтеру мәселесі сөз болды. Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған Аманжан Жамалов шекті межені есептеуде олқылық көп деген пікірде. Ал зардабын жинағын игілігіне жаратқысы келетін қарапайым халық көріп отыр.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

– Шекті соманы есептеу кезінде көрсеткіш ретінде ең төменгі жалақы 60 000 теңге қолданылады. Ал ол негізінен ең төменгі зейнетақы 46 302 теңгеге негізделуі тиіс. Бұл біліксіздіктен немесе саналы түрде жіберілген қателік. Соның салдарынан зейнетақы жинағының жеткілікті шегі орташа есеппен 64%-тен 83%-ке дейін көтерілді.

Зейнетақы қорының жұмысына қатысты сынды Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де айтты. Үш апта бойы халыққа тұщымды ақпарат бермеген Жанат Құрмановқа ескерту жасалды.

Жанат Құрманов, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы:

– Шекті меже азаматтар зейнетке шыққаннан кейін қажет зейнетақысын қамтасыз ету үшін жасалған. Бұл зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті. Ал соның есебінен баспана жағдайын жақсартқысы келетіндер болса, оның басқа да жолы бар. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Соның ішінде, сіз айтып отырған жастарды тұрғын үймен қамтудың өзге де механизмдері жетерлік.

Жаңа шекті межеге сай, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланатын қазақстандықтар саны төрт есе қысқарады. Көпшіліктің  наразылығынан соң Мемлекет басшысы Үкіметке межені көтеру мерзімін сәуірге дейін ұзартуды тапсырған. Бұл өз жинағын алып үлгермегендерді қолдау үшін жасалды. Есеп бойынша олардың саны 582 мың адам.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ержан Рахманбердиев