Бүгінге дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 13 трлн теңге жинақталған

Қазақстандықтарға зейнетақы төлеу кезінде мемлекеттік бюджетке түсетін салмақ болашақта артуы мүмкін, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова айтты. Жинақтаушы зейнетақы қорын құрудағы мақсат – өтеу мөлшерлемесінің есебінен бюджетке түсетін салмақты азайту еді. Жүйені енгізу кезінде жасалған есеп бойынша зейнетақыны өтеу мөлшерлемесі 60 процентке жетуге тиіс болған. Бұл шамамен 2030 жылға қарай есептелген меже еді. Сәйкесінше мемлекет бюджетінен бөлінетін төлем мөлшері азаяр еді. Алайда келесі жылдың сәуіріне дейін шекті межеден асатын сомманы шешуге мүмкіндік берілгендіктен, бұл тетіктің іске аспай қалу қаупі бар.

Үміт Шаяхметова, Halyk Bank басқарма төрайымы:

– Зейнетке шығатындардың саны жыл санап өсетіндіктен және азаматтар шекті межеден артылған қаржыны алатындықтан, қорда жинақталатын сома көп болмайды. Мұндайда мемлекетке артылатын жүктеме жеңілдемей, керісінше ел қазынасына түсер салмақ артады. Сол кезде зейнетақы төлемінің мөлшеріне байланысты халықтың тарапынан талап күшейе түспек. Меніңше, біз қайтадан мемлекеттік зейнетақы жинақтау жүйесіне келген сияқтымыз. Ондайда азаматтарға зейнетақы бірдей мөлшерлемемен төленеді. Бір сөзбен айтқанда, адамдар бұл кезде зейнетке шыққанда зейнетақыға емес жылдар бойы еңбектеніп тапқан табысқа ғана иек артады. 

Бүгінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 13 трлн теңге жинақталған. Шекті межеден асқан соманы алу мүмкіндігін пайдаланып, қазақстандықтар қордан екі триллионнан астам қаржыны шығарып үлгерген. Осыған байланысты Үміт Шаяхметова жекеменшік зейнетақы жүйесін қайтару керек деп есептейді.

Үміт Шаяхметова, Halyk Bank басқарма төрайымы:

– Меніңше қазіргі жағдайда өмірді сақтандыру сынды компонентті назарға алу керек. Өмірді сақтандырумен айналысатын жеке сақтандыру компаниялары арқылы жекеменшік жинақтаушы зейнетақы қорының жүйесін ары қарай дамыту керек деп ойлаймын. Яғни қазір аннуитетті сатып алу мүмкіндігі бар. Өйткені аннуитеттер инвестициялық жинақтаудан пайда табу арқылы зейнетақының мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Әйтпесе, толығымен ынтымақтық зейнетақы жүйесіне ауысып, бұл мәселеде нүкте қою керек.