Маңғыстау облысында газ өлшеу станциясының құрылысы аяқталды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы Бейнеу газ өлшеу станциясының құрылысын аяқтады, деп хабарлайды Хабар 24.

Стратегиялық маңызды нысан Маңғыстау облысында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының нөлдік шақырымында тұр. Станция 7,4 мегапаскаль қысыммен газ жөнелтеді. Жоғары дәлдікті ультрадыбыстық газ есептегіштер және ағынды хроматографпен жабдықталған газ құбыры әлемдегі озық жобалар қатарында. Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалалары да көгілдір отынды осы құбырдан алады.

Бейнеу газ өлшеу станциясы «Орта Азия-Орталық», «Бұхара-Орал», «Сарыарқа», «Бұхара газды ауданы-Ташкент-Бішкек-Алматы» газ құбырларын бір жүйеге біріктіріп, отандық газ экспортталатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының маңызды бөлігі. Мұнда 15 маман жұмыс істейді. Автоматтандырылған жүйе газ құрамын үздіксіз талдап, жоғары сапада жеткізуге мүмкіндік береді.

Бердіғали Жұмағалиев, сала ардагері:

– Бұл мекемеде 45 жыл жұмыс жасағанмын. Бұрын ескі замерлер болды. Газ өлшеу станциясы қазіргі компьютерленген. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралы біз үшін де, халқымыз үшін де тиімді.

Магистральды желіге «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» компаниясы жауапты. Серіктестік 2011 жылы «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы мен Trans-Asia Gas Pipeline компанияларының қатысуымен құрылған. Жалпы ұзындығы 1449 шақырымдық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» құбыры 4 облыс арқылы өтеді. Осы  аралықта 3 газ өлшеу, 6 компрессорлық станция орналасқан.

Мұқан Сәдуақасов, «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС бас директорының орынбасары:

– Қазір беріліп жатқан газдың көлемін есептегіштер әр жерде бар. Ал бұл станция батыстағы газ магистралын, оңтүстіктегі газ құбырларын және Ақтөбе облысындағы газ құбырларының газ балансын шығаруға мүмкіншілік береді. Бұл газ құбыры – «ҚазТрансГаз» компаниясының үлкен жобаларының бірі. Осы күні Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына қарай жасалып отырған тартуы деп есептейміз.

2 жыл бұрын магистральды желіге Нұр-Сұлтан қаласын газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» құбыры жалғанды. Бүгінге дейін 50 млрд текше метрден астам табиғи газ тасымалданды. Сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облысында 13 автоматты газ тарату станциясы қосылды. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев