Жамбыл облысының орталығында жаңа жағалау ашылды

«Үшбұлақ» деп аталатын демалыс орны «Таразға тарту» жобасы аясында жаңғыртылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Соның арқасында облыс орталығында жергілікті тұрғындар бір мезгіл серуендеп, тынығатын тағы бір тамаша орын пайда болды.

Дінмұхаммед Қонаев көшесінен бастап, Зербұлақ көліне дейінгі жағалау толықтай тазартылды. Кезінде қамыс өсіп, батпақ сасып жататын жер енді қала тұрғындары демалатын бірегей орынға айналды. Жаңғырту жұмыстарын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Қазфосфат» компаниясы жүргізіп берді.

Күләш Әбдікешова,Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Қаншама көп жұмыстар жасалған. Осындай игі істі қолға алып жақсылап жасап, беріп отырған қалалықтарға тарту жасап отырған «Қазфосфат» ЖШС-не үлкен алғыс айтқым келеді. Осындай нысандар қаламызда көбейе берсін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын! Біздің қаламыз көркейе берсін, өсе берсін, гүлдене берсін!

Жағалаудың ұзындығы 850 метр. Су ортасына диаметрі 19 метрлік жасанды арал салынған. Табанына балдыр басып кетпес үшін 18 мыңнан астам тонна тас төселді. Сол жақ беті мәрмәр түйіршік тастарынан жасалған ою-өрнектермен безендірілген. Ең бастысы тозығы жетіп тұрған 60 метрлік аспалы көпір жөнделді. Енді жұрттың қауіп-қатерсіз жүріп-тұруына мүмкіндік туып отыр.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Өздеріңіз куәсіздер. Осы өткен 11 айдың ішінде қаншама мынау саябақтардың, скверлердің жөнделгеніне. Ана тағзымы, Денсаулық саябағы, Ана мен бала саябағы тағы басқа скверлер. Олардың барлығы осы кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен қолдауымен жасалған.

Сондай-ақ Үшбұлақ жағалауының бойына «Стрит варкаут» спорт құрылғылары, веложол, әткеншектер орнатылған. Жалпы жаңғырту жұмыстарына 300 миллион теңге жұмсалып отыр. Алдағы уақытта жағалау суына балық жіберілмек.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә