Маңғыстауда жағалаудағы туристік хаб толық газдандырылды

«ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы Каспий жағасындағы туристік хабты газдандыруды мерзімінен бұрын аяқтады, деп хабарлайды Хабар 24.

Үкімет басшысы Асқар Маминнің хаттамалық тапсырмасына сәйкес компания Құрық елді мекенінде автоматты газ тарату станциясын орнатты. Сондай-ақ «Жаңаөзен-Ақтау» магистральды газ желісін «Жетібай-Құрық» газ құбырына қосу жобасын да жоспарлы уақытынан ерте жүзеге асырды.

Жалпы ұзындығы 85 шақырымдық жаңа магистральды газ желісі Жетібай - Құрық ауылдарының жанынан өтеді. Автоматты газ тарату станциясы «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» магистральды газ құбырының 2 тармағына қосылады. Нысан сағатына 80 мың шаршы метр көгілдір отын өткізеді.

Абзал Меңдібаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:

– Тәуелсіздік күні мейрамының алдында ашылуы үлкен мәнге ие. Жылы жағалауда орналасқан нысандардың көбеюіне, оларға газдың тұрақты берілуіне септігін тигізеді. Тағы да салынатын өндірістің, басқа да құрылыстардың осы аудандағы жұмыс күшін пайдалануға, жұмыссыздарды орналастыруға септігі тиетіні сөзсіз.

Келешек ірі туристік кешендер бой көтеретін Каспий жағалауына көгілдір отын желісін жеткізу жобасын «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы жүзеге асырды. «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының еншілес мекемесі өңірлерді газдандыру бағытында зор жетістіктерге жетті.Бүгінгі шара Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына серпіліс әкеледі деп күтіледі.

Әлібек Жұмабаев, «Интергаз Орталық Азия» АҚ» Ақтау магистральды газ құбыры» басқарма директорының бірінші орынбасары:

– Осы автоматты газ тарату станциясының өткізу қабілеті сағатына 80 мың, тәулігіне ауыстырғанда 1 млн 900 шаршы метр газды тұтынушыларға беруге дайын. Қазіргі таңда автоматты газ тарату станциясы және магистральды газ құбыры жұмыс істеуге 100 пайыз дайын.

Магистральды газ құбыры-бұрымында іске қосылған станция жоғары жобалық өнімділікке ие. Облыстың табиғи газға өскелең қажеттілігін жабуға және жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ жағажай туризмін дамыту бойынша мемлекеттік жобаларды орындауға мүмкіндік береді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев