Елордадағы «Жанұя» орталығы әйелдерге қолдау білдірді

Қалада көпбалалы аналарға арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Игі бастамаға «Жанұя» отбасы институты қолдау орталығы ұйтқы болды, деп хабарлайды Хабар 24.

Тәуелсіздік күніне орайластырылған жиынға көпбалалы аналар мен ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған елордалықтар, еріктілер және  қоғам белсенділері қатысты.

Қиын жағдайға тап болған әйелдерді қолдап, оларға қол ұшын  беру. «Жанұя» отбасы институтының көздегені осы. Ұйым қаншама нәзік жандарды демеп, тығырықтан шығуына атсалысты. Міне, бүгін де кездесу ұйымдастырып, әйелдерге көмек қолын созып отыр. Ал қатысушыларды рухани қолдау үшін әр салада табысты еңбек етіп жүрген әйелдер басқосуға арнайы келген. Олар жетістікке жетудің құпиясымен  бөлісіп, әйелдерді жігерлендіре түсті.

Әсемгүл Садыр «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының директоры:

– Бүгінгі кездесуге елімізге танымал тұлғаларды шақырдық. Олардың қатарында Ырза Тұрсынзада, Назипа Ыдырысқызы, Тұрар Саттарқызы сынды еңбек жолында белгілі бір жетістікке жеткен елімізге танымал тұлғалар бар. Мұндай жандардың біздің орталыққа келіп, көмекке мұқтаж көпбалалы аналарға үлгі көрсеткенін біз мақтан тұтамыз.

Бүгінде орталықта 28 қызмет түрі көрсетіледі. Мемлекет тарапынан жеңілдікке мұқтаж жандарға кеңес беріледі. Қажет болса, құжат дайындауға да көмектеседі. Тіпті қордаланған түйткілдерді шешу үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым басшыларымен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылып тұрады.

Илья Скуб, қалалық  жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары:

– Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаныңда «Жанұя» институты мен  «Бақытты отбасы» бірлестігі ұйымдастырған көрме өтіп жатыр. Бүгін осы бірлестіктің өкілдері әйелдерді жігерлендіріп, көп балалы аналарға жол сілтеді. Орталық қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек қолын созып, проблемаларын шешуге атсалысып келеді.

Әйелдер күйзеліске түспес үшін осындай кездесулер өткізіп тұрған маңызды. Нәзік жан иелері өзара тәжірибе алмасу арқылы бірін-бірі жігерлендіре түседі. 

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы