Ақмола облысында ел дамуына үлес қосқандар құрметке бөленді

Көкшетауда тәуелсіздік тойына орай 70 маман түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды, деп хабарлайды Хабар 24.

Олар сан салада еңбек ете жүріп, аймақтың дамуына атсалысқан. Сондай-ақ салтанатты шарада «Жомарт жүрек» әлеуметтік жобасы мен «Құлагер» қаламгерлер байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Көкшетаулық Құралай Жұмабекова бүгінде дархан көңілінің арқасында 11 баланың анасы атанып отыр. Олардың алтауы өз перзенті болса, қалған бесеуін жетімдер үйінде жүрген жерінен басынан сипап, бауырына басқан. Жүрегі кең мейірімді жан бүгін «Жомарт жүрек» жобасының «Жыл тұлғасы» номинациясына лайық деп танылды. Қазір ол балаларға ғана емес, жалғызбасты аналарға да қамқор боп жүр.

Құралай Жұмабекова, көп балалы ана

– Көзіме жас келеді, қуанамын. Осындай жұмысым алға қарай жүріп жатқанына. Біздің осы қоғам, біздің әкімдік – бәрі атсалысып көмек беріп отыр. Енді бүгінгі күні алдыма қойған мақсатым – күллі әлемдегі балалардың анасы болу керек.

Жиында Құралайдан бөлек тағы екі азамат «Жомарт жүрек» жобасының «Жыл меценаты» және «Жылдың үздік қамқоршысы» атанды. Сондай-ақ дәрігерлер «Халық алғысы» медалімен марапатталса, сан салада еңбек етіп жүрген 30 шақты ақмолалық «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерейтойлық төсбелгісіне ие болды. Ал былтыр ғана пайда болған қаламгерлер арасындағы «Құлагер» бәйгесінің «Үздік телесюжет» номинациясын облыстық «Көкше» телеарнасының тілшісі Абзал Балтабаев жеңіп алды.

Абзал Балтабаев, журналист:

– Былтыр әдеби байқау, үздік проза, үздік поэзия, үздік драма бағыттары бойынша осы өңірдің ақын-жазушылары – ағаларымыз марапатталған болатын. Оның басы-қасында болып көрдік. Ал биылдан бастап осы үздік телесюжет деген бағыт бойынша арнайы номинация тағайындалыпты. Ол тек менің ғана еңбегім емес, ол түгел бүтін бір ұжымның еңбегі деп білем.

Сонымен қатар жиналғандардың тағы біразы ел Президентінің алғыс хатымен және облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды. Дәл осындай салтанатты жиындар аудандарда да өткізілді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко