Оралда сәбилерді сауықтыру орталығы ашылды

Жаңа нысан негізінен бойында туабітті ақауы бар немесе патологиялық дертпен туған балаларға қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Мамандар жаңа туған сәбилерде кездесетін түрлі сырқаттар санының өсе түскенін айтады. Ал ондай балаларды оңалтуға арналған орындардың тапшы екені тағы рас.  

Әсел Шағырова күн сайын қызы Айсинді осы сауықтыру орталығына әкеліп жүр. Бұл жерде жасалатын түрлі емдік шаралардың көмегі ұшан-теңіз. Жақында жасқа толған бөбегім қазір өзін өте жақсы сезінеді,- дейді ол.    

Әсел Шағырова, қала тұрғыны:

– Алты айлығында бізге таза-бедернно сустава қойды диагноз. Емдеу курсын алғаннан кейін буль-бульға келдік. Менің қызымның буыны ұстамай, отыра алмады. Сосын топтық жаттығулар алдық. 8 айында қызым отырды, жақсы нәтижелерге жеттік. Аяғына тұрады, өзі жайлап тәй-тәй басады.

Дамуында кідіріс байқалған сәбилерді дәрігерлер осындай орталықтарға жолдайды. Өйткені суда жүзу, кешенді дене шынықтыру мен өзге де емдік шаралар кәсіби мамандардың көмегімен жүзеге асады.    

Азамат Сәметов, балалар невролог дәрігері, реабилитолог:

– Дамуында іркіліс анықталған балалар қазір өте көп. Дүние есігін ашқан сәбилердің 80 процентке жуығында түрлі кідіріс анықталып жатады. Бұған себеп көп. Анасының денсаулығы да әсер етіп жатады. Сондықтан мұндай сәбилердің ақыл-ой және дене жағынан дұрыс өсіп жетілуіне осындай орталықтардың пайдасы зор.    

Өкінішке қарай, облыс орталығының өзінде мұндай нысандардың саны өте аз. Кәсіпкер Мәриям Мұхамбетова осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Сәбилерді сауықтыруға арналған орталық ашуға мемлекеттік бағдарлама көмегін пайдаланыпты.

Мәриям Мұхамбетова, сауықтыру орталығының басшысы:

– Біздің орталыққа туғаннан бастап бір жарым жасқа дейінгі балалар келеді. Олардың арасында дені сау балалармен бірге кейбір паталогиялық дертке душар болғандары да бар. Мысалы, сал ауруына шалдыққан, орталық жүйке жүйесі бұзылған немесе даун синдромны бар балаларға тегін қызмет көрсетеміз. Сәбилерді сауықтыру мақсатында арнайы бассейнде жүзу, массаж, аква гимнастика секілді кешенді емдік шаралары жүргізіледі.       

Мейрам Қабдығалиев,  облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының ресми өкілі:

– Қазіргі таңда кәсіпкер осы жобаны ашу үшін мемлекеттік грант қатысып, 4 миллион 300 мың теңге қаржы мақұлданған болатын. Осы қаржыға қазіргі уақытта кәсіпкер өзіне қажетті құрал жабдықтарды алып орталық ашып отыр.

Айта кету керек, «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақта кәсіпкерлікті дамытуға 4,8 миллиард теңге бөлінген. Биыл жалпы құны 124 миллион теңгеге 27 жоба мақұлданған. Соның ішінде жас кәсіпкерлер қолға алған 8 жобаны жүзеге асыруға 39 миллион теңге бөлінді.    

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов