1998 жылдың 1 маусымында Қазақстан Республикасының әуе күштері құрылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған дәстүрлі айдарымызды жалғастырамыз. Бүгін егемендіктің алғашқы он жылдығы, яғни 1991 және 2000 жылдар аралығында елде болған елеулі оқиғаларды тағы бір шолып өтейік.

1991 жылдың 29 тамызындағы Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы болды. Қазақ жерінде 40 жылдан астам уақыт бойы сынақ жүргізілген ядролық қаруға нүкте қойылды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне мәлім тарихи фактіге және біздің ұлттық мақтанышымыздың мәніне айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы біздің ел Президентінің ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады.

Елтаңба, Ту және Әнұран

1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасы, Туы және Әнұраны бекітілді. Осылайша ел көгіне Көк ту көтеріліп, Елтаңба елге танылды. Әнұран әуеледі.

Ата Заңды арқалан

1993 жылы қаңтардың 28-інде Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Негізгі Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды.

Дербес депутат

Ата Заң негізінде 1994 жылы наурыз айында алғаш рет парламенттік сайлау өткізіліп, 177 депутат сайланды. Еске салайық, қос палаталы парламент құрылғанға дейін оның кеңестік жүйе бойынша функцияларын Жоғарғы Кеңес атқарған.

Бірлікке бастайтын институт

1995 жылы 1 наурызда Президент Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ұлттық-мәдени орталықтар, этнологтар, заңгерлер, басқа да сала өкілдерінің пікірлерін зерттей келе осындай ұйғарым жасалды. Ассамблеяға Мемлекет басшысының жанындағы консультативті-кеңесші орган дәрежесі берілді.

Тәуелсіздік монументі

1996 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігіміздің бес жылдығын атап өттік. Дәл осы күні Алматыдағы Республика алаңында «Тәуелсіздік монументі» ашылды. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы тойы еді.

Алғашқы жолдау

1997 жылы 10 қазанда еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған ең алғашқы Жолдауын жариялады. 2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары осы Жолдауда айтылды.

Айбыны асқақ әуе күші

1998 жылдың бірінші маусымында Қазақстан Республикасының әуе күштері құрылды. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталған елеулі оқиғаның бірі болатын. Оның негізгі мақсаты - еліміздің әуе шебінің қорғанысын қамтамасыз ету. Мемлекеттік, әскери және әкімшілік нысандарды әуе шабуылынан қорғау.

Демократиялық сайлау

Ал 1999 жылдың басты оқиғасы 10 қаңтарда өткен Президент сайлауы еді. Елімізде тұңғыш рет баламалы негізде демократиялық үрдіспен өткен сайлауда халық басым дауыспен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қайта сайлады. Яғни сайлаушылардың 81,71 проценті Елбасыға дауыс берді. 

Спорттағы өрлеу

2000 жылдың 15 қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында Австралияның Сидней қаласында ХХVІІ жазғы Олимпиада ойындары өтті. Дүбірлі додада Қазақстан спортшыларының асығы алшысынан түсті. Айталық, бокстан Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов, жүгіруден Ольга Шишигина Олимпиада чемпиондары атанды. Осы әлемдік ең беделді жарыста боксшы Мұхтархан Ділдабеков күміс медальға қол жеткізді. Ел спортшыларының үздік жетістіктері Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа танытуда маңызды роль атқарды.