Тәуелсіздік жылдары Маңғыстау облысына 136 мыңнан астам қандас көшіп келді

Тәуелсіздік жылдары Маңғыстау өңіріне 136 мыңнан астам қандасымыз қоныс аударды. Бұл 32 мың 482 отбасы. Биылғы 11 айда 3 мың 319 адам атажұртқа көшіп «Қандас» мәртебесін алды. Басым көпшілігі - көршілес өзбек елінен. Қалғаны Түркіменстан, Ауғанстан, Моңғолия, Ресей және Ираннан келді. Қазір бұл азаматтар жеке кәсіп ашып, түрлі салада қызметте жүр. Кейбірі жылыжай салып, егін шаруашылығын дөңгелетіп отыр.

Садық Тағанның ата-анасы Ираннан қоныс аударған. Ол кезде 6 жаста болғанын айтады. Ақтауда жоғарғы білім алып, бизнес бастайды. Металл бұйымдарды құрастыру цехында 5 адам жұмыс істейді. Жас кәсіпкердің ендігі мұраты өндірісті кеңейтіп, ірі кәсіпорын ашу.

Садық Таған, кәсіпкер:

- Кәсіпкерлерге өте жақсы жағдай жасалып жатыр, біздің елімізде. Жағдайымыз өте жақсы. Ата-бабамыз тұрған жер болғандықтан біз үшін қуаныш, мақтаныш. Өз елімізде осындай кәсіппен айналысып жатқанымызға өте ризамыз. 1995 жылы көшіп келгенімізде бізге 4 бөлмелі үй берді. Қарасты, сондай жағдай жасады.

Таған ақсақалдың 5 ұлы мен 5 қызы бар. 30-ға жуық немере қызығын қызықтап отыр. Отанасы өмірден ерте озғасын перзенттерін еңбекке жастайынан баулыған. Қазір олар әртүрлі салада еңбек етіп жүр. Бірі ұстаздық қызметті таңдаса, енді бірі жылыжай салып, диқаншылық кәсіпке бет бұрған.

Таған Көрпе, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Арман ететін едік. Қай уақыт болар екен қазақтарды көруге деп. Содан, шүкір, 1991 жылы өз басына ел болды. Ағайындарды осы жердегі келіп көрдік. Жылдам бізге паспорт берді, азаматтық берді. Мен, Таған Көрпе. Адамдарға айттым елге барайық деп. Бірінші көш 1995 жылы 10-айдың 5-күні осы жерге көшіп елдік.

Тарихқа үңілсек, 1991 жылы 18 қарашада Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы үкіметінің №711 қаулысымен шетелдегі этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіру жөнінде шешім қабылданды. Содан бері ұлы көш тоқтаған жоқ. Ресми дерекке сүйенсек, 30 жылда 1 млн 87 мың 700 адам өз Отанына оралған. 100 мыңнан астамы Маңғыстау жеріне табан тіреді.

Нұржігіт Қайроллаев, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының филиал басшысы:

- Қандастардың келіп қоныстануы бойынша 2-орында тұрмыз. Бірінші орында Алматы облысы. 28,3 процент халық сол жерге барады. Бізде 19,1 процент. Ең көбі жалпы республикада, біздің облыста да көш бастап тұрғаны Өзбекстаннан келген қандастар. Биылдың өзінде бізге 2200 адам Маңғыстауға келді. Түркіменстаннан 903 адам, Ираннан 130 адам. Ауғанстаннан 21 адам. Ресейден 6, Қырғызстаннан 4 адам келген.

Маңғыстау облысы табиғи туу бойынша да елімізде алдыңғы орында. Биылғы 11 айда 20 мыңдай сәби дүниеге келді. Егіз перзент көтерген, бес одан да көп бала туған алтын құрсақ аналар қатары жыл санап өсіп келеді.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев