Корея тұрғындары Қазақстан қандай ел екендігі туралы айтты

Қазақстан туы Сеулде желбіреді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған флешмобты сол жақта оқитын студенттер ұйымдастырды. Қазақстан қандай ел? Көк байрақтың құдіреті неде?

Кореялықтардың Қазақстанның көк туына ықыласы ерекше. Біздің ел жайында білетіндер де, білгісі келетіндер де жетіп артылады. 

БЛИЦ

  1. Картаға қарасақ, Қазақстан Кореядан жоғары тұр, Моңғолияның жанында орналасқан үлкен ел. Онда көп корей тұратынын және пайдалы қазбалары мол екенін білемін.
  2. Байрақ жақсы жасалған. Көп мағынасы бар - Күн мен құс. Еркіндік пен жарық жөнінде ой келтіреді.
  3. Туында Күн мен бүркіт бейнеленген. Бұл азаттық пен бейбітшілік рәмізі деп ойлаймын. Бүйіріндегі оюлары көзге түседі, түсі өте әдемі. Түсіне қарап, байрақ бейбітшілік әкеледі деп ойлаймын.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын шет жұртта жүрген жерлестеріміз де атап өтіп жатыр. Оның ішінде оқуда жүрген студенттеріміз құр қол отырмай, көк байрағымызды өздері тұратын үйлерге іліп, өткен-кеткенге оның маңызы мен егемендіктің қандай жолмен келгенін паш етіп жүр. 

Азиза Бекташ, магистрант:

- Көбі Тұңғыш Президентімізді және кезінде Кеңес Одағына кіргенімізді біледі. Алайда әзірге көп біле бермейді. Дәстүрлеріміз, ұлттық тағамымызды, жалпы еліміз туралы толығырақ таныстыруға тырысып келеміз. Сұрақтары болса, үнемі жауап береміз.

Қазіргі студенттер жасы отызға жетпеген, тәуелсіз елде туып-өскен жастар. Олардың айтуынша, Кореялықтар Қазақстанды бейбіт мемлекет ретінде таниды. Ал ондағы жастарымыз ең үздік шетел студенттері деген атаққа ие.

Дина Ахмедиева, магистрант:

- Басты жетістігіміз өзге елдерге қатысты достық саясатымыз деп ойлаймын. Қазақстан тарихында біз ешқашан бірінші болып жауға шапқан жоқпыз және барлық халықпен достық қатынастамыз. Осы үшін елімді мақтан тұтамын. 

Юлия Ким, магистрант:

- Қазақстан – менің елім. Халқы қонақжай. Достарым адамдарымыз кішіпейіл және мейірімді екенін біледі. Елімізге барғанда өзерін Кореяда жүргендей сезініпті. 

Көк туымыз Сеулде бұдан кейін де желбіреп тұратын болады. Өйткені Корея келер жылы Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтпек. 

Владислав Цой, Ольга Лян