Қазақстанның экономикалық өсімі Украинаға үлгі – Ғалым

«Қазақстанның экономикалық өсімі Украинаға үлгі».

Тарас Шевченко атындағы Украина Ұлттық Университетінің ректоры, профессор Владимир Бугров осылай дейді. 175 жыл бұрын құрылған Украинадағы ірі оқу ордасында 2 мыңнан астам ғылыми-педагогикалық және 1 мыңнан астам ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Университет Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Профессор Бугров қазақ халқын Тәуелсіздік  мерекесімен құттықтап, «Қазақстан - бүгінде  өзге елдермен терезесі тең, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған республика» деп атап өтті.

Айтуынша, 30 жылда қыруар іс атқарылды, ең бастысы, елдіктің іргетасы қаланды. Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерде өз ұстанымын паш ете алатын мемлекет екені мойындалды.

Владимир Бугров, Тарас Шевченко атындағы Украина ұлттық университетінің ректоры:

- Қазақстан халқы тәуелсіздіктің арқасында табысты да берекелі мемлекет құрды. Біз оны мүлт жібермей бақылап, көріп отырмыз. Қазақстанның экономикалық өсімі Украинаға үлгі. Бауырлас Қазақстан халқын ең басты мерекесімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Біздің университет Қазақстанның 15-тен астам жоғарғы оқу орнымен өте жақсы қарым-қатынас орнатқан. Қазақстанда көптеген украиналық өмір сүреді. Достығымыз арта түссін деп тілеймін.