Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: 2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған, дәстүрлі айдарымызды жалғастырамыз. Бүгін егемендіктің, екінші онжылдығы, яғни 2001 және 2010-шы жылдар аралығында елде болған елеулі оқиғаларға шолу жасайық.

2001 жыл. 21-ғасырдың алғашқы баспалдағы. Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойы да датаға осы тұспа-тұс келді. Осы аралықта еліміз кешегі Кеңестік кезеңнің шекпенінен ажырап, өз алдына мақсат-мұраты айқын дербес мемлекетке айналды. Егемен елдікті айқындайтын елдің шекарасы берік қолға өтіп, барлық жағынан бүтінделді. Ұлттық қорғанысымыз – Қарулы Күштер құрылып, қауіпсіздік күшейтілді. Жаңа Конституция қабылданды.

Қазақ елінің белгісі «Бәйтерек»

2002 жыл. Евразия кіндігі, астана төрінде, шыңына алтын шарды көтерген күміс түсті жарқыраған мұнара – «Бәйтерек» монументі бой көтерді. Ол көкке ұмтылған Астананың символы еді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сызбасы негізінде тұрғызылған «Бәйтерек» халықаралық байқауда ТМД елдеріндегі ең үздік нысан деп танылды. Оның биіктігі 97 метр. Бәйтерек бүгін де ажарын жойған жоқ. Бас қаламыздағы әлемнің әр түкпірінен ағылған туристер көз тастап, қызыға қарайтын басты сәулет нысанының бірі.

Діни келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі

2003 жыл. Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайы өтті. Айту керек, тарихта бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дін басшылары бір шаңырақ астында жиналмаған. Сондықтан бұл жиын жас та болса бас бола білген Қазақстанның ауыз толтырып айтар жетістіктерінің бірі деуге әбден болады. Расында, кез келген мемлекет үшін дінаралық келісім қоғам тұрақтылығының кепілі. Ал қоғам тыныш болса, қарыштап даму тоқтамасы анық.

Мәдени мұра

2004 жылы елордада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Бүгінгі таңда онда 100 мыңнан астам экспонат бар. Дәл осы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдени мұра» мемлекеттік Бағдарламасы қабылданып, тарихи жәдгірлер түгенделе бастады.

Астана декларациясы

Ал 2005 жылдың 5 шілдесінде елордада өткен Мемлекет басшыларының саммитінде Астана декларациясына қол қойылды. Сөйтіп, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық тұжырымдамасы мен ережесі бекітілді. Бұл ұйымның лаңкестікке қарсы сипаттағы негізгі құжаттары саналады.

Жаңа әнұран

2006 жылдың қаңтарында республиканың жаңа әнұраны қабылданды. Ел гиміне композитор Шәмші Қалдаяқовтың 1950 жылдары жазылған «Менің Қазақстаным» әні негіз болды. Әннің сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденовтың мәтініне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзгеріс енгізіп, жаңа әнұранның заңды авторларының бірі болды.

Тарихи қадам

2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілді. Президент құзырында болған біраз өкілеттік Парламентке берілді. Мемлекет басшысы бұрынғыдай 7 жылға емес, 5 жылға сайланатын болды. Парламент депутаттарының саны көбейді. Мәслихат та күшейді. Бұл шынтуайында тағдырлы шешім еді.

Тәуелсіздік символы

Арада бір жыл өткенде «Қазақ елі» монументі ашылды. Елорданың қақ төріне қойылды. Ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеген еді.

«Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» дегенді айтып еді. Біздің ел ежелден қалған ұлы істердің, ұлағатты дәстүрлердің, іргелі мемлекеттердің мұрагері болып қалады деп қадап айтты.

Халық санағы

2009 жылы елде ұлттық халық санағы өтті. Осымен екінші рет. Сол кездегі дерек бойынша, қазақстанда тұратындардың саны 16 млннан асып еді. Ал қазақ ұлтының үлесі 63 процентке жеткен. Мұндай маңызды шара 10 жылда бір өткізіліп тұрады. Негізгі мақсат - халықтың санын білу емес, тұтас елдің әлеуетін анықтау.

Қазақстан беделді ұйымға басшы болды

2010 жылы Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Беделі жағынан БҰҰ -нан кейінгі орында тұрған бірлестікке ТМД мен Орталық Азия аумағында алғаш рет Қзақстан басшылық жасады. Осылайша Еуропаның төріндегі 56 мемлекетке төбе би болып төрелік айтты. 11 жылдан бері бас қоспаған ұйым мүшелерін Елордаға жинап, Астана Саммитін өткізді. Оған әлемнің 75 елінен 5 мыңнан астам қонақ шақырылды. Нәтижесінде Астана декларациясы қабылданды.

16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні