Павлодарда полиция қатарында тәуелсіздіктің 112 құрдасы қызмет етеді

Ертіс өңіріндегі тәртіп сақшыларының қатарын жастар толықтырып келеді. Өскелең ұрпақтың бұл таңдауы, полиция мамандығының мәртебесі өскендігін де аңғартады. Бүгінде бұл салада 112 тәуелсіздік құрдасы, еңбек етеді екен.

- Скажите, пожалуйста, 10-го декабря, где вы были?

Рамиль Ғафуров - ата-анасының жолын қуған азамат. Атасы, әкесі мен туған-туысқандары ішкі істер органдарында қызмет еткен. Бүгінде қызметте қатарластарының алды бола білген. Аға буын өкілдері үшін де сыйлы маман.

Рамиль Ғафуров, аға тергеуші:

- Ішкі істер органдарының қызметкері болу - үлкен жауапкершілік. Өзім Тәуелсіздіктің құрдасымын. Ол да үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш. Мақсатым - қиындыққа тап болған адамдарға көмектесу, жұмысымды адал әрі табысты атқару. Еліме тынымсыз еңбек етуге әрдайым дайынмын.

Жас маман тергеген қылмыстық істердің санын санап, саралау мүмкін емес. Қазіргі таңда полиция сапында ардагерлердің үмітін арқалап жүргендер жетерлік. Жастар жауапкершілігі ауыр салада кез келген қиындыққа төтеп беру керек. Сондықтан спортқа да мән береді.

Бауыржан Омаров, облыстық ПД арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының бастығы:

- Жас буын өкілдерінің мінезі, жұмысқа деген көзқарасы бөлек әрине. Заман көшінен қалмау, заманауи әдістерді тез меңгереді. Жаңашыл технологияларды тез меңгеріп алады. Спортты да негізгі қызметпен ұштастыра біледі. Біздің сөзімізді де жерге тастамай, үмітімізді ақтап келеді.

Тәуелсіздік құрдастары мерекені ерекше атап өтті. Мейрамға «Спорт - өмірім» атты шараны арнап, жүзу, ату және жүгіруден бақтарын сынады.

Ерсат Таукенов, облыстық ПД Арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының аға инспекторы:

- Бұл мереке біз үшін маңызды. Арнайы шара өткізіп, спорттық дайындығымызды паш еттік. Себебі елге қызмет ету - үлкен жауапты іс. Тәуелсіздіктің арқасында білім алып, қалаған мамандығымызды таңдай аламыз.

Тәртіп сақшылары өзге өңірлердегі әріптестерін осы жарысқа қатысуға шақырады.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат