Елордалық ТЖД жаңа техникамен толықты

Елордадағы төтенше жағдайлар департаменті жаңа техникамен толықты. Арасында 90 метр биіктікте өрт сөндіруге мүмкіндік беретін көлік те бар. Арнайы техниканың бұл түрі елімізде алғаш рет қолданысқа беріліп отыр.

Жыл басынан бері елордадағы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 400-ге жуық адамды құтқарды. Үздік қызметкерлерге «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі берілді. Ал департаменттің өзі жаңа техникамен толықты.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Біз өткен жылы 10 осындай техника алған болсақ, биыл 5 есеге көп. 50-ге жуық техника. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары астананың енді көшкен кезінде 2 ғана пожарный депо болатын болса қазір 12. Және қазір осы департаменттің қызметкерлеріне 50 қызметтік пәтер беріп жатырмыз. Мұның барлығы сіздердің еңбектеріңізге берілген баға.

Атап өтейік, тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың санаты кеңейтілді. Оған төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері енгізілді. Сонымен қатар «Елорда Жастары» арнайы тұрғын үй бағдарламасы бойынша да баспана бөлінеді. Қала әкімі осылай деді. Ал министр жаңа техника жылдам әрекет етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен біздің қызметкерлер жаңа техникаға ие болып жатыр. Бұл көліктер қаладағы төтенше жағдайларға қарсы әрекет етуге мүмкіндік береді. Қызмет барысында жылдам шешім қабылдау үшін заманауи техниканың көп көмегі болары сөзсіз.

Атап өтейік, елордадағы Байқоңыр ауданында өрт сөндіру депосы ашылды. Тағы 3 өрт сөндіру бөлімшесі салынады. Оның екеуі елді мекендерде орналасады. Қала әкімінің айтуынша, бұл материалдық-техникалық базаны жақсартуға және құтқарушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Қорған Қонысбайұлы