435,10 496,10 5,68
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Білім жүйесіне шешімдер қажет

  • 169
  • UPD: 21:20, 16.12.2021

Қоғамдағы ақпараттық үдерістің қарқынды дамуына орай соңғы онжылдықта инфокоммуникациялық технологиялар да өркендеді. Соған сәйкес жаңа есептеу мен ақпараттарды саралау, жинақтау, өңдеу, сақтау және жіберу құралдарын меңгеру ісі аса қажеттілікке айналып шыға келді. Сол себепті еліміздегі мектептер цифрлы дағдыны бастауыш сыныптан бастап үйретуге кірісті.

Электронды деректер қоры, көпфункциялы интерактивті тақта, 3D модельдеу сыныптары бар «smart-мектеп» Қызылорда қаласында 2015 жылы ашылды. Содан бері бұл білім ордасының ұстаздары мен оқушылары IT саласында көптеген жетістікке қол жеткізді. Оқушылар құрастырған роботтар ұлттық ойындарға бейімделген. Сәулет өнерін терең меңгеріп аймақта жаңа архитектуралық ансамбль енгізуді жоспарлап жүрген Мақсат Жұмабек ғылыми жоба байқауына дайындық үстінде. Ол өзіне бірсыдырғы қала келбетіне жаңа пішін, заманауи кескін беретін ғимараттар салуды мақсат тұтқан.

Мақсат Жұмабек, №278 it мектеп-лицей оқушысы:

– Қызылорда қаласындағы автокад арқылы Президент паркінің 3D өлшемін сыздым. Миллиметрмен сызылады, сондықтан барлығы нақты. Қызылордаға тұрғын үйлер кешені жетпейді деп ойлаймын. Өйткені Қызылордада барлығы 5 қабатты бір типті үйлер. Әр түрлі геометриялық пішіндегі ғимараттармен Қызылорданы көркейтсем деп ойлаймын.

Байзақ Момынбаев атындағы №278 ІТ мектеп-лицейі «Жас маман. Озат тәжірибе» қағидатын ұстанады. Инновациялық идеялармен қанаттанған ұжым қазір «Кәсіпкерлік мектеп» пилоттық жобасын жүзеге асыруға кіріскен. Ондағы мақсат – оқушыларды қоғамдық пайдалы кәсіптік қызметтердің негізгі бағыттары бойынша даярлау және орта біліммен қатар белгілі бір мамандықты игеріп шығуын қамтамасыз ету. Ол үшін мүмкіндіктер көкжиегін әлі де кеңейту қажет,-дейді педагогтар.

Эльмира Азатбаева, №278 it мектеп-лицей директоры:

– Қазір біз санаулы компьютер кластардағы бірнеше компьютермен мақтансақ алдағы болашақта әрбір оқушы өзінің отырған орнында компьютер, ноутбук арқылы желіні пайдаланса деймін. Әрине үлкен мектебімізде 80 биттік электронды интернет жүйесі орналасқан. Өйткені кабельдер арқылы біз кез-келген дүниені интернет арқылы ашып көруімізге мүмкіндік бар. Бірақ бұл да жеткіліксіз деп ойлаймын. Өйткені заман өсіп бара жатыр. Заман талабына сай көптеген құрылғылар алғымыз келеді әлі.

Шиелі ауданындағы №47 мектеп-лицейінің ұжымы да ақпараттық технологияға негізделген оқу үдерісі стандартын тиімді пайдалануға талпыныс жасап жатыр. Мыңнан астам баланы жаратылыстану бағытында тереңдетіп оқытатын білім беру ошағы негізгі пән сыныптарын цифрландыруға көшкен. Электронды кітапхана қорын молайтып, оқушымен қатар ұстаздардың да компьютерлік-танымдық сауатын көтеруге жағдай жасап қойған. Мұғалімдер әлемдік пандемиядан кейінгі баяулаған оқу процесіне дем беру және білім тұрғысындағы дағдарыс кезінде оқушылардың қызығушылығын арттыру тәсілдерін жан-жақты қолданып келеді.

Сәуле Нұрманова, №47 мектеп-лицей директоры:

– Пандемиядан кейінгі балалардың біліміндегі олқылықтарды жою мақсатында біз жалпы 3 бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Ол теориялық білімді тереңдету, алынған теориялық білімді практикада қолдану. Сабақ зерттеу арқылы басымдықтарды анықтау. Ақпараттық технологиялардың өте жылдам дамып жатқан кезеңдерінде мектебімізге «Стэм, Стим» кабинеттері керек. Мектеп ауласында жылыжай орналастыру немесе агробилогиялық аумақтарды қолға алуымыз керек.

Айзада Мұстафаева, №47 мектеп-лицей мұғалімі:

– Карантин жағдайында балалар электронды құрылғы, ұялы телефон, планшеттермен сабақ өтіп, бірнеше білім платформаларын қолданғанымен осыны біз дәстүрлі форматта да әрі қарай дамытып пайдаланып жатырмыз. Осы тұста біз «Білім лэнд», «Твикс» деген секілді платформаны қолданамыз 3D анимация ретінде тапсырмалардың жазылуы, айтылу, тыңдалу дағдылары бойынша орындай береміз.

Юнисеф мамандарының зерттеуі бойынша карантиннің кесірінен оқушылар өз білімінің орта есеппен 30-50%-ын жоғалтқан болуы мүмкін. Қызылорда облысындағы 311 мектепте оқитын 177 мыңнан астам оқушы қазір оқу бағдарламасын қуып жетуге жанталасып жатыр. Дегенмен ұстаздар олқылықтың орнын толтыру ұзақ процесс деп отыр.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы