Коронавирусты жұқтыру дерегі еселеп көбейіп жатыр – ДДСҰ

Жаһаннан бірер ақпар. Омикрон әлем елдеріне жылдам тарап барады. Вирусты жұқтыру дерегі еселеп көбейіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп дабыл қақты. Сарапшылар алдағы уақытта Еуропадағы ахуал қиындай түседі дейді. 

Омикрон алғаш анықталғаннан-ақ мамандар оның тез таралатынын топшылаған еді. Қазіргі жағдай сол болжамды айғақтайды. Бүгінде жаңа штамды жұқтыру деректері 2-3 күн сайын екі еселеніп жатыр. Сарапшылар осылай жалғаса беретін болса, Еуропадағы эпидахуал 2 аптадан кейін айтарлықтай ушығып кететінін болжады. Сөйтіп қаңтарда омикрон Кәрі Құрлықтағы басым штамға айналуы мүмкін. Әсіресе, Ұлыбританиядағы жағдай алаңдатарлық. Мұнда бір күнде 78 мыңнан аса жаңа дерек расталды. Пандемия басталғалы мұндай тәуліктік өсім тіркелмеген. Әрине, оның бәрі омикрон жұқтырғандар емес. Алайда жаңа штамм анықталып жатқан оқиғалар көп. Мамандар қайта-қайта ревакциналау туралы айтып жатыр. Тұрғындардың өздері де амандығы үшін алаңдап, екпе орталықтарының алдында ұзын-сонар кезекте тұруға дайын.

Крис Уитти, Англияның бас санитар дәрігері:

– Омикронның таралу жылдамдығы бізді алаңдатып отыр. Қысқа ғана уақыт ішінде өте көп адамның індетке шалдығатынын болжап отырмыз. Әсіресе, Рождестводан кейін науқастар саны еселеп арта ма деген қауіп бар.

Иә, омикрон тез тарап барады. Өткен айда ғана анықталған мутация бүгінде әлемнің 80 елінде тіркелген. Оңтүстік Кореда омикронды жұқтыру деректерінің саны 150-ге жуықтады. Елдегі жансақтау бөлімдері 80 процентке толған. Сондықтан билік қайтадан локдаун енгізетін болды. Енді келесі аптадан бастап қаңтардың 2-сіне дейін бір жерге 4 адамнан артық жинала алмайды әрі олардың бәрі толық вакцина салдыруы тиіс. Мейрамханалар мен дәмханалар кешкі 9-ға дейін ғана жұмыс істейді. Ал екпе қабылдамағандар үйге тапсырыс береді..  

Чон Юнь-Кёнг, Оңтүстік Корея Ауруларды бақылау және алдын алу агенттігінің директоры:

– Қиын кезеңге қайта тап болдық. Бұл дағдарысты еңсеру үшін екі аптаға шектеулер жариялаймыз. Тек осылай ғана індеттің бетін қайтарып, қауіп-қатер деңгейін азайта аламыз деп ойлаймын. Үкімет үшінші дозаны салып, халықтың иммунитетін күшейтуі тиіс.

Омикрон өзге мутациялардан таралу жылдамдығымен ғана емес, белгілерімен де ерекшеленеді. Оксфорд университетінінің ғалымдары осылай деп отыр. Айтуларынша, омикронды жұқтырғандар арасында ең жиі кездесетін белгілерге бұлшықеттің ауруы, мұрынның бітелуі, ас қорыту жүйесі жұмысының бұзылуы мен арқаның аруын жатқызуға болады. Оңтүстік Африка Республикасының ғалымдары науқастардың көбі белінің ауырғаны мен тамақтың жыбырлағанына шағымданатынын айтады. Жуырда осы жергілікті мамандар зерттеу жүргізген. Соған сәйкес, дельтамен салыстырғанда, омикронды жұқтырғандар ауруханаға 23 процентке аз түседі екен. Десе де, сарапшылар «ауру жеңіл өтеді» деп дөп басып айтуға әлі ерте дейді.

Жұлдыз Атагельдиева, Вероника Боярова