Ауыл шаруашылығын «ақылды технология» басқарады

Толық цифрландырылған ферма! Солтүстік Қазақстан облысы Ковыльное ауылындағы шаруашылық озық технологиялар арқылы басқарылады. Серіктестік басшысы Серік Малаев еңбек өнімділігін арттыру үшін 100-ден аса камера орнатып, арнайы бағдарлама енгізген. Кәсіпкер Тәуелсіздік жылдары елді мекеннің де дамуына зор үлес қосты. 

58 жастағы Қырмызы Шәмекешова қазір соңғы технологиялардың тілін бес саусағындай біледі. Кім қайда, не істеп жүр, қай техника қайда кетті, нешеде келді? Осының бәрін бас диспетчер бір орыннан бақылап отырады. Орталыққа 110 камера қосылған.

Қырмызы Шәмекешова, бас диспетчер:

– Міне, тоқтан шықты. Енді егістік алқапта неше минуттан кейін болуы керек? Соның бәрін тексеріп отырамыз. Комбайндар тұрып қалмау керек. Комбайн тұрып қалса, уақыт кетеді. Бізде уақыт деген өте қымбат.

Ковыльное ауылының тұрғындары уақыттың қадірін біледі. Шалғайдағы елді мекен Тәуелсіздік жылдары жүдеген жоқ. Керісінше, дамудың даңғыл жолына түсті. Қазір мұнда 130 үй түтін түтетіп отыр. Көшіп келгендер де көбейді.

Солардың бірі – Сәуле Төлегенова. Ол 4 ай бұрын отбасымен Жамбыл облысынан көшіп келді. Ауылда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 20 үй салынды.   

Сәуле Төлегенова, Ковыльное ауылының тұрғыны:

– Бұрыннан танитын кісі сияқты. Бізді қарсы алды, келіп үйлерді көрсетті. Бізге ұнады үйлер. Сонымен тұрып жатырмыз. Келе сала, жолдасым да, өзім де жұмысқа тұрдық  Балаларым оқып жатыр.

Оңтүстіктен көшіп келген отбасылардың арқасында мектеп толды. Соңғы 5 жылда елді мекенде оқушылар саны екі есеге көбейді. Қазір мұнда 90 бала білім алады. Балабақша да бар.

Николай Гавриленко, мектеп директорының міндетін атқарушы:

– Бұл ауылға мен де отбасыммен көшіп келдім. Бірден үй алдық. Мұнда маман болып өсуіме барлық жағдай жасалған. Балаларым да сапалы білім алады. Осында адал еңбек етіп, жан-жағыма пайдамды тигіземін деп ойлаймын.

Серік Малаев ат төбеліндей ғана ауылды айрандай ұйытып отыр. Ол тоқырау жылдары бәрі жан-жаққа тарап жатқанда мойымады. Қиын кезде егін егіп, ауыл шаруашылығын ұстап қалды. Сол еңбегі еш кетпеді. Тәуелсіздік жылдары өзінің де, елдің де жағдайын жақсартты. 

Серік Малаев, серіктестік директоры:

– Түпкі мақсат енді ата-бабаларымыздың аңсаған егемендігін алғаннан кейін Үкіметіміз осы кішігірім осындай елдерден тұрады. Осы елдерді дамытып, әрмен қарай жаңғыртсақ, еліміз де үлкен елдердің қатарына қосылып жатыр, мінекей. Сондықтан жұмыс істеу керек. Қызмет істеу керек. Елді дамыту керек.

Ковыльное ауылының тұрғындары қазір қалалықтардан кем тұрмайды. Елді мекенде халық игілігіне қажет нысандар салынған. Ал үйлер орталық жылу қазандығына қосылған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Сондай-ақ...