Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Үкіметтің жаңаруы. Саяси науқан

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған дәстүрлі айдарымызды жалғастырамыз. Бүгін ел дамуындағы маңызды кезеңнің бірі - 2011 мен 2021 жылдар аралығындағы елеулі оқиғаларды еске түсіреміз.

ҚАЗАҚСТАН БЕДЕЛДІ ҰЙЫМҒА БАСШЫ БОЛДЫ    

2010 жылы Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Беделі жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі орында тұрған бірлестікке ТМД мен Орталық Азия аумағында алғаш рет Қазақстан басшылық жасады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫСҚЫ СПОРТТАҒЫ ҚАРҚЫНЫ 

2011 жылы Тәуелсіз Қазақстан өз тарихында алғаш рет 7-ші Қысқы Азия ойындарын қабылдады. Айтулы дода қаңтар мен ақпан айларында Астана мен Алматы қалаларында өтті. Сол жылы спортшыларымыз 32 алтын, 21 күміс, 17 қола жүлде жеңіп алып, командалық есепте бірінші орын иеленді. Бұған қоса Қазақстан құрамасы алтын жүлде саны бойынша Қысқы Азия ойындарының рекордын жаңартты.

ЕЛГЕ СЕНДІ, СЕНІМ АҚТАЛДЫ

2012 жылы 22 қарашада ЭКСПО Халықаралық көрмесін Астанада өткізу туралы шешім қабылданды. Парижде Халықаралық көрме бюросының бас ассамблеясында өткен жиында 161 мемлекеттің мүшесі жасырын дауыс берді. Нәтижесінде 103 елдің мүшесі 2017 жылы өтетін әлемдік көрмені Қазақстан өз деңгейінде ұйымдастыратынына сенім артып, Астананы қолдады.

ӨНЕР БИІГІНЕ КӨТЕРІЛГЕН КҮН

2013 жылы маусым айында «Астана Опера» театры ашылды. Бұл мемлекеттік опера және балет театры Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бой көтерді. Өнер ордасы өз шымылдығын қазақ музыкасының қазынасы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен ашты.

ҮКІМЕТТІҢ ЖАҢАРУЫ

Ал 2014 жылы атқарушы билікте ауыс-түйіс көп болды. Осы жылдың тамыз айында Үкімет қайта жасақталды. Осылайша, 17 министрлік пен 9 агенттік ықшамдалып, 12 министрлік пен 30 комитет қалды. Қаржы полициясы қысқарып, төтенше жағдайлар міндеті Ішкі істер министрлігіне жүктелді. Мәдениет және спорт, энергетика, ұлттық экономика, инвестиция және даму министрлігі құрылды.

ҒАРЫШҚА САПАР

2015 жылы екінші қыркүйекте «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер - Айдын Айымбетов ғарышқа аттанды. Ол отырған зымыран халықаралық стансамен 4 қыркүйек күні түйісті. Отандасымыз ғарышта 10 күн тұрақтады. Осы аралықта қазақ ғылымы үшін бірқатар сынақ жүргізді. Соның сүбелісі, радиацияның миға әсерін зерттеу болды.

ЭКСПО-2017 КӨРМЕСІ

2017 жылы елордада ЭКСПО халықаралық көрмесі өтті. «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы ауқымды шара үш айға созылды. Оған 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені барлығы 4 млн адам тамашалады. Оның iшiнде 178 елдiң өкiлi бар. Қазір «Нұр Әлем» павильоны музейге айналды.

ЖАҢА МЕГАПОЛИС

2018 жылдың 19 маусымында Қазақстанда жаңа мегаполис пайда болды. Дәл осы күні күллі түркі әлемінің киелі мекені - Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болып жарияланды. Ал халық саны бір миллионға жеткен Шымкент шаһарына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді.

САЯСИ НАУҚАН

2019 жыл Қазақстан үшін тосын оқиғаларға толы болды. 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, 70 пайыздан астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды.

ІНДЕТ ЖАППАЙ ТАРАЛДЫ

2020 жыл әлем үшін үлкен сынақ болды. Әлемді әлекке салып, адамзаттың бойына қорқыныш үрейлеткен коронавирус ел экономикасына, саясатына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізді.

ЗЕЙНЕТАҚЫНЫ КӘДЕГЕ ЖАРАТУ

2021 жылы қазақстандықтарға зейнетақы қорындағы жинақтарын қолдаунға мүмкіндік берілді. Күні бүгінге дейін қордағы қаражатының бір бөлігін 800 мыңға жуық азамат пайдаға жаратты. Олардың басым бөлігі қаржыны тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсаған. Ал бүгіннен бастап жинақтағы шектік межеден артық ақшаны Отбасы банкіне депозитке аударуға болады.