«Өнер барысы» байқауының жеңімпаздары анықталды

Таразда көптен күткен «Өнер барысы» өтті. Қазақ күресін дамытуға бағытталған шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы ұйымдастырылған. Оған елімізге танымал өнер адамдары мен ғаламтор жұлдыздары қатысты. Мега жобаны «Хабар» Агенттігі» АҚ биыл да қалың көрерменге ұсынып, тікелей эфирде көрсетті.

Өнер барысы 2019 жылдан бері осымен 3-ші рет өтіп отыр. Мега жоба аз уақыт ішінде көрерменнің зор ықыласына бөленіп, тіпті ҚР «Қазақ күресі» федерациясының күнтізбесіне енгізілген. Биылғы шара Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында ұйымдастырылды.

Жарыста 28 өнер адамы боз кілемге шығып өзара мықтыны анықтады. Олардың арасында айтыскер ақын, белгілі әзілкештер, әншілер мен өзге де танымал тұлғалар бар. Биылғы ережеге сәйкес, қатысушылар 4 салмақ, яғни жеңіл, орта, ауыр және ең ауыр салмақ бойынша бақ сынап, федерацияның кәсіби төрешілері төрелік етті. Бес сағатқа созылған жарыста  жеңіл салмақта актер Асылхан Төлепов жеңімпаз атанды.

Асылхан Төлепов, «Өнер барысының» жеңімпазы:

– Бүгін үш дүркін чемпион атанып жеңіске жетіп жатырмыз. Шүкір. Бұл ұстаздарымның арқасы.  Сол кісілердің еңбегі.  Өзім де осы жарысқа бір айдай уақыт жұмсап жүйе бойынша дайындалдым. Бұл жеңісімді шыны керек Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаймын.

Жұлдыздар айқасын тамашалуға келген адамда сан жоқ. Спорт кешені лық толып, тіпті кейбір тұрғындар сыймай қалды. «Өнер барысын» Хабар агенттігі телекөрермен назарына ұсынып жарысты тікелей эфирде көрсетті.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– «Хабар» Агенттігі» осымен қатарынан үшінші жыл Өнер барысы ұлттық жобасын қолдап келе жатыр. Неге ұлттық деген сөзге басымдық беріп тұрмын. Өйткені бұл жобаның мақсаты тек өнер, мәдениет, медиа , ғаламтор жұлдыздарын ғана жарыстырып шаршы алаңға шығару емес. Сондай-ақ, осы жоба арқылы біздің руханиатымызда, біздің дәстүрімізде  үлкен орны бар қазақ күресін кеңінен насихаттау.

Жобаның басты мақсаты қазақ күресін насихаттап, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыруға бағытталған.

Мейіржан Әлібек, жоба ұйымдастырушысы:

– Жоба танымал емес адамды танытумен айналыспайды. Біздің жоба танымал адам арқылы қазақ күресін дамытады. Биылғы ерекшелігі санында. Яғни біз 20 қатысушыдан асырмаушы едік. Бұл жолы 28 қатысушыны шақырдық. Оның ішінде 50 пайызы жаңадан бұрын қатыспаған қатысушылар.

Тәуелсіздік мерекесі күніне арналған Өнер барысы жоғары деңгейде өтті. Жүлде қоры 16 миллион теңге. Өз салмағында жеңімпаз болған чемпиондардың әрқасысы 1 млн 200 мың теңгеден иеленді. Шараға қатысып, жеңіліп қалған қатысушылар  да құр алақан қайтқан жоқ.  Олар 250 мың теңгенің сертификатын алды.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...