Ағайынды Алматы және Москва: ерекше есімдер тарихы

Алматы облысында Алматы және Москва есімді ағайындылар тұрады. Қала атауын иеленген ағалы-інілінің тегі де ерекше. Моңғолияда дүниеге келген олар еліміз Тәуелсіздік алған жылы атамекенге қоныс аударды. Егемен елмен бірге жаңаша өмір бастаған отбасы бүгінде өсіп-өнген әулетке айналып отыр. Есімдері ерекше жандармен әріптесім Шыңғыс Қалиден тілдесіп көрді.

Алпыстың асқарына шыққан кейіпкеріміздің аты – Алматы. Оған ерекше есім беруге суреттегі Аумахан ағасы себепкер болыпты. Қатарластарынан оза шауып Мәскеуде білім алған ол 60 жылдары алғаш рет атажұртқа келген. Тарихи сәтті естіген әкесінің тебіренгені сонша сол мезетте 8 жастағы ұлының атын Алматы деп ауыстырып жіберіпті.

Алматы Мулян, Текелі қаласының тұрғыны:

– Аумахан деген ағамыз осы Алматыда дем алып жатады. Сол кезде үйге хат келеді. Мен аман-есенмін, Алматыда дем алып жатырмын. Келесі жылы демалыста барамын деп. Сол кезде менің Қапал деген атымды Алматыға ауыстырған. Азан шақырып қойған аттың жақсы-жаманы жоқ. Бұйырғаны. Қазақ әр нәрсенің бұйырғаны жақсы дейді ғой. Осы аттан жақсы сөз естімесем, жаман сөз естігем жоқ.

Алматының туған інісіне Ресей астанасының аты бұйырған. Ол Аумахан ағасының Мәскеуге оқуға түскен жылы дүниеге келіпті. Ата-анасы ұлымыз шетелден аман-есен оралсын деген ниетпен нәрестені осылай атаған. Қала атауын иеленген бала орда бұзар отыз жасында тарихи отанына оралып Қазақстан азаматы атанды.

Москва Мулян, Ақсу ауданының тұрғыны:

– Ең ыстық құжат осы. Әке шешеміздің азан шақырып қойған аты. Осында жазулы. Қазақстанның азаматы деген жазуы. Еліміздің көк байрағы туы, елтаңбасы бәрі белгіленіп, жерінің картасы сызулы тұр. Мұның өзі зор бақыт. Өзге елді сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол дейді. Өзім тұрмақ өзімнің ұрпағым қазақ болды деген үлкен үміт пен қуаныш сол бақыт бар бізде.

Ағайынды Алматы мен Москваның әкесінің аты Миллион. Құжат моңғол тілінде толтырылғандықтан Мулян болып жазылып кеткен. Ерекше есім ырымдап қойылыпты.

Алматы Мулян, Текелі қаласының тұрғыны:

– Әкеміздің әкесі Найынтай деген кісі екі әйел алған екен. Бала тоқтамаған. Өле берген. Содан кейін үрім бұтағым көп болсын деп, менің әкемнің атын Қосмиллион деп қойған екен. Соңында қос деген қалып Миллион аталады.

Міне осыдан кейін аталарына бала тоқтап немерелі болыпты. Бүгінде олардың біразы АҚШ пен Германияда және Қазақстанда тұрады. Ал Миллионның балалары атамекенде шаруашылығын шалқытып, ұл қызын өсіріп отыр.

Күналқа Қабатқызы, текелі қаласының тұрғыны:

–3 бала Моңғолияда туылды, ал үш бала осында туылды. Бесеуі де университет бітірді грантпен. Үшеуі осы Текеліден бітірді. Біреуі Көкшетаудан бітірді. Тілеген деген ұлымыз университетте төртінші курс, ал Төлеген 11 сынып оқиды. 12 немереміз бар. Туған күнде тойда келеді.

Москва мен Алматының атасы Тоқтамыс қазіргі Қарағанды облысының Бұтақара аймағын мекендеген ауқаттылардың бірі болыпты. Ұжымдастыру кезінде қудаланып Қытайға көшіп, одан ары Моңғолияға барып табан тіреген. Қуғын сүргінді бастан өткерген әулеттің ұрпақтары бейбітшілік қадірін біледі. Сондықтан балаларының біріне Бейбіт деп ат қойды. Ондағы мақсат қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманымыз бұзылмасын ізгі тілек.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев