Тәуелсіздік күніне орай «Бәйтерек» холдингі қызметкерлері марапатталды   

Бірі есепші, бірі менеджер, енді бірі шаруашылық жөніндегі қызметкер. Құрамына 8 бірдей ірі компанияны біріктірген «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Тәуелсіздік күнін ұжым болып атап өтті. Ұзақ жыл табанды әрі табысты еңбек етіп жүрген қызметкерлерді марапаттады.

Салтанатты шарада «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің барлық еншілес компания басшылары жиналды. Елдің түкпір-түкпіріндегі филиал қызметкерлері де арнайы шақырылды. Тәуелсіздік жылдары алып құрылым мемлекетпен бірге дамыды. Телегей табысқа қол жеткізді. Сол жолда тынбай тер төгіп келе жатқан 64 қызметкер холдингтің басқарма төрағасы Айдар Әріпхановтың қолынан мәртебелі марапат алды.

Раушан Көпжасарова, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ адам ресурстарын басқару департаментінің бас менеджері:

– Аграрлық несие копорациясында 15 жылдан астам жұмыс істеп жатырмын. Еңбегімді осылай бағалап отырғанына алғысымды айтамын. Өте қуаныштымын. Әрине, менің ғана еңбегім емес. Біздің корпорациясының әрбір мүшесі маңызды деп ойлаймын.

Мемлекет басшысының жарлығымен «Ерен еңбегі үшін медалі» холдингтің 4 қызметкеріне берілді. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері жоғары бағаланды. Холдинг құрылғалы сан түрлі салада маңызды жобалар жүзеге асты. Халықты тұрғын үймен қамту, қолжетімді баспана салу, отандық экспортты дамыту мен ауыл шаруашылығын қолдау сынды шаруалар тиімді іске асты.

Рашит Қасымов, «Отбасы банкі» АҚ Солтүстік Қазақстан облысы филиалының логист маманы:

– Мен өте ризамын. Маған звондап айтқанда өте қуандым. Бұрын 2017 жылы осында болғам, сонда марапат алғам. Биыл медаль алдым. Барлық әріптестерімді тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын.

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен де 22 қызметкер марапатталды. Премьер-мининстр және құзырлы ведомство тарапынан құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табыс етілді.

Рауан Мыңбаев, Арман Ақшабаев