Қазақстан Елшісі Мальтаның Президентіне сенім грамоталарын тапсырды  

Қазақстан Республикасының Елшісі Ерболат Сембаев Мальта Республикасының Президенті Джордж Веллаға сенім грамоталарын тапсырды. 

Рәсімінен кейін Президент сарайында екіжақты кездесу өтіп, оның барысында Елші Мальта Президентіне Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізді. Сонымен қоса, тараптар екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі мәселелерін талқылады. 

Дж.Велла ризашылығын білдіре отырып, Қазақстанды тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың елдің қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларына жоғары  баға берілді. 

Е.Сембаев мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жан-жақты күш салуға дайын екендігін білдірді. Өз кезегінде Дж.Велла Елшіні дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, алдағы жұмысына табыс тіледі.