Ақтөбеде Мұғалжар жылқысын өсірушілер көбейді 

Тәуелсіздіктің бір жемісі – мал басы көбейіп, тұқымы жақсара бастады. Соның бірі – Мұғалжар жылқысы, деп хабарлайды Хабар 24.

Жазы-қысы қолдан жем жемейтін, ыстық-суыққа төзімді жануардың айғыры жарты тоннадай салмақ тартса, биесі күніне15 литр сүт береді. Сол Мұғалжар жылқысы бүгінде әр өңірге тарап келеді. Текті тұқымның негізгі пайда болған ортасы –Ақтөбедегі зауыт. 

Бауыржан Алин, серіктестік құрылтайшысы:

– Мынау «Бұқабас» деген айғыр. Ол үш жасында өлшедік 607 кг болды. Қазір енді биыл 4-ке шығып тұр. Бұл енді 640-650 кг-ға дейін барады деп ойлаймын.

Бауыржан Алин, асыл тұқымды Мұғалжар жылқысынан тараған әрбір басқа ат қойып, шежіресін жазып жүруді әдетке айналдырған. Сегіз жыл бұрын шаруашылығында пайда болған бұл Қамбар ата түріне аса көңіл бөліпті. Сондықтанда  оның саны 600-ге таяп қалған.

Бауыржан Алин, серіктестік құрылтайшысы:

– Жылқы шаруашылығын әрі қарай дамытып, сосын осыдан Ақтөбеден Қазақстан бойынша асыл тұқымды қожалықтарға таратып, осының тұқымын сақтап қаламыз деген ой бар. Өзі далада жыл бойы жайылымда жүретін, бір грамм жем жемей өсетін тұқым ғой.

Мұғалжар жылқысы тәуелсіздік жылдары Ақтөбе облысында пайда болып, өңірдің басты брендінің біріне айналды. Бұл 1960 жылдардан бері арнайы шаруашылықта жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесі. Яғни қазақтың жабы жылқысын іріктеп, сұрыптау барысында жақсы тұқым алынды. Нәтижесінде жылқы бір ғасыр бұрыңғы кезеңмен салыстырғанда түрі мен түсі тәуірленіп, салмағы 100 келіге дейін артқан. Ең бастысы жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында да тебіндеп жүреді.

Серікбай Рзабаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

– Бұл өте керек тұқым. Етті қасиетті де жазылған. Сүттілігі де жақсы. Мысалы, біздер мына арада сауғанда жем-шөп бері, биелер бір сауғанда екі жарым литрден сүт берді. Сосын құлын беру қасиеті де жақсы. 100 биеге 100 құлын бере алады. Кемі 85 бере алады.

Кезінде көшім жылқысының пайда болуына да елеулі үлес қосқан ғалым Мұғалжар тұқымын одан әрі жетілдіруге болады деп санайды. Ол үшін мемлекеттің қолдауы қажет көрінеді. 

Қалыбек Рзабаев, Өнімді және әмбебап бағытындағы жылқы тұқымдары республикалық палатасының директоры:

– Жұрттар ынтасы бар, асылдандырғысы келеді. Көптеген шығын шығады. Қазақстанда мысалы, қой да, ірі қара да, шошқа да тіпті анау бал арасы оған да субсидия беріледі. Біздің жылқы да ондай қарастырылмаған. Тек қана жылқы шаруашылығында Қазақстанда айғырлыққа сатып алатын адамға 100-ақ мың теңге беріледі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе көп ұзамай шешімін табуы мүмкін. Қажетті ұсыныс тиісті министрлікке жеткен. Ал егемендік алған 1991 жылдан бері елдегі жылқы саны екі есеге өсіп, үш миллионнан асқан. Тек асыл тұқымдысының үлесі Ақтөбе өңірінде 20 процентке жуықтады. 8200 Мұғалжар тұқымды жылқысы ондаған қожалықта бар. Кейінгі жылдары пайда болып патенттелген «Ембі» және «Қайыңды» бағытындағы аталық басқа да сұраныс көп.

Панабек Бимұратов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Көптеген шаруа қожалықтар осы Мұғалжар жылқысына Қазақстан бойынша үлкен қызығушылық танытуда. Бүкіл республикадан Алматы, оңтүстік, солтүстік өңірлердің бәрінен бізге айғыр сатып алуға көптеп келіп жатыр.

Мамандар алдағы уақытта Көшім, Мұғалжар және қазақтың жабысы секілді асыл тұқымды жылқылардың үлесі артуы керек дейді. Бұл үшін шаруалар арасында аукцион өткізіп, тұқымды жақсарту үшін зерттеу жұмысын арттыру көзделіп отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев