ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылды  

Тәуелсіздік мерекесіне орай Шығыс Қазақстанда көпбалалы отбасылар жаңа баспананың кілтін алды. Сондай-ақ өңірде бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысан да ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Хабар 24.

Оның ішінде Жарма ауданындағы қуаттылығы 30 МВт болатын жел электр станциясы мен Самар ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені де бар.  Семейде көпбалалы және аз қамтылған 20 отбасы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көптен күткен баспанаға қол жеткізді. Ұшақтар шағын ауданында орналасқан үш бөлмелі бір үйдің ауданы 85 шаршы метр. Баспаналы болып, қуанышқа кенелген жандардың бірі – 6 баланың анасы Кенжегүл Саяқова.

Кенжегүл Саяқова, қала тұрғыны:

– Мен бүгін өте қуаныштымын, бақыттымын. 5 жыл тосып, осы үйден баспаналы болып жатырмыз бала-шағамызбен. Тәуелсіздік күні құтты болсын! Көк туымыз желбірей берсін!

Диана Шаяхметова, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Бізде үй кезегінде 12 мың 200 адам тұр. Бүгін «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша жаңа баспана берілді. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы 20 отбасын үймен қамтуды көздеп отырмыз.

Сонымен қатар өңірде бұқаралық спорттың дамуына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұған қаланың сол жағалауында ашылған «Gold king» спорт залының жаңа бөлімшесі дәлел. Соңғы үлгіде жабдықталған нысанда спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған.

Андрей Алтайбаев, қалалық мәслихат депутаты:

– Мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасының балалары спорт залының барлық бөлімшесінде тегін жаттыға алады. Бұл мүмкіндікті пайдаланып, әуесқой спортпен айналысып, кейін кәсіби түріне ауысуға да болады.

Тәуелсіздік күні Самар ауылында жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Оның құрылысына 300 миллион теңге жұмсалды. Ал Көкпекті ауылындағы 18 көпбалалы отбасы жаңа баспананың кілтіне ие болды.

Авторлары: Гүлдария Шамұратова, Әсем Өтешова