Талдықорғанда 60 отбасы баспаналы болды

Талдықорғанда 60 пәтерлі үй «Шаңырақ» бағдарламасы негізінде ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Хабар 24.

Тәуелсіздік күнінде талдықорғандық 60 отбасы көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Енді көпбалалы және толық емес жанұялар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері өзгенің емес өз үйінде тұрады. Бастауыш сынып мұғалімі Сая Серікбаева арманына жету үшін үш жыл бойы банктегі есепшотына ақша жинапты.

Сая Серікбаева, қала тұрғыны:

– Үй алам деп алдыма мақсат қойдым. Сол мақсаттың арқасында бүгін бұйыртып, үй алып отырмыз. Осы уақытқа дейін пәтерге төлеп келдік. Енді осы «Шаңырақ» бағдарламасы арқасында ипотекаға құятын боламыз ақшамызды.

Нұрбек Күзембай, қала тұрғыны:

– Біз енді аядай бөлмеде тұрдық. Ол кішкентай болатын. Мына бөлменің жартысындай болмайды. Мынау бізге хан сарайындай үй болып тұр. Құдай бұйырса екі үш күнде осындай қоныс тойы болады. Қуанышмызда шек жоқ. Қуаныштымыз, Бақыттымыз. Әр отбасына осындай бақыт тілейміз.

Талдықорғанның жетінші ықшам ауданында бой көтерген  көпқабатты үйді салуға қазынадан 542 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары былтыр басталып  биыл аяқталды.   

Дәркен Нұржанов, қала әкімінің орынбасары:

– Талдықорған қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы  аясында бүгінгі 60 пәтерді қосқанда 230 пәтер берілді. Жыл соңына дейін тағы да 368 пәтер берілетін болады. Келесі жылға бұдан кем жоспар жоқ. 130 -150 мың квадрат тапсырамыз деп отырмыз.

Талдықорған қаласымен қатар Қарасай, Ақсу және Көксу аудандарында да 60 пәтерлі үйдің кілттері тұрғындарға табыс етілді. Осылайша өңірдегі 200 ден аса отбасы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойында баспаналы болды.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов