Түркістанда палатадағы түймені басу арқылы дәрігерді шақыруға болатын аурухана бар

Жаңа шағын аудандар мен саябақтар, әсем ғимараттар мен туристік нысандар. Кейінгі 3 жылда Түркістан қаласы жаңа кейіпке енді. Әлеуметтік қызмет көрсету саласы да алға жылжыды. Ең бастысы, жергілікті тұрғындар үшін медициналық қызметтер қолжетімді болды.

Бұл нысан алғашында COVID-19 жұқтырған науқастарға арналған модульдік аурухана ретінде салынған. Алайда аймақта ауру деңгейі төмен болғандықтан нысанның мақсаты өзгерді. Түркістан қалалық орталық ауруханасы осы жаңа ғимаратқа көшіп келді. Олар бұрын ескі ғимаратта отыратын. Қазір мұнда барлығы заманауи талаптарға сай жасақталған. Науқастар палатадан шықпай-ақ бір түймені басу арқылы өзіне қажетті дәрігерлерді шақырта алады.

Бақтияр Анарбаев, кардиология бөлімінің меңгерушісі:

- Қазір бұл жерде барлық мүмкіншілік жасалған. Барлығымен қамтамасыз етілген. Компьютерлік томограф, рентген кабинеті, жүректі электрокардиограммаға түсіру аппараты, толық тексеруге мүмкіншілік бар. 

Жаңа ғимаратта 12 бөлім жұмыс істейді. Аурухананың өз зертханасы мен триажды бөлмелері бар. Мұнда негізінен жүрек аурулары мен гипертониялық науқастар емделеді.

Гүлнәр Бөгембаева, қала тұрғыны:

- Мен жүрегім ауырып, давлениемен түстім. Давлением қатты көтеріліп келгенмін. Мұнда бірінші рет келіп отырмын. Өте жақсы, қызметіне таңқалып отырмын. Кейінгі стандартпен салынған. Барлығы ішінде, тамағымызды осында ішіп отырмыз. Енді бұдан артық условия мен айта алмаймын, өте жақсы.

Ал бұл облыстық көп бейінді медициналық орталық. Құрылысы 2019 жылы басталған. 8 қабатты ғимарат бір мезетте 570 науқасты қабылдай алады. Жаңа ауруханада 16 операция жасау, 13 жоспарлы және 3 жедел медициналық көмек көрсету бөлімдері қарастырылған. Мұнда 2 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Нысан 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Ермек Тәжімұрат, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Тәуелсіздік алған жылдан бері қазіргі уақытқа дейін біздің медициналық құралдармен жабдықтау көрсеткіші 82 пайызды көрсетіп отыр. Әр аудандарға ЛОР комбаин деген құрал-жабдықтар жеткіздік. Науқастың облыс орталығына келудің қажеті жоқ Сол ауданда отырып, диагностика жүргізіп, ем қабылдауға үлкен мүмкіндік берді. Біздер барлық аудандарға компьютерлік томография алып бердік. Инсульттік орталықтар ашып бердік.

Биылдың өзінде өңірде 5 нысан жаңартылып, 17-сі бастан аяқ жөнделді. Одан бөлек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 17 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр. Маман тапшылығы проблемасы да кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Соңғы 30 жылда облыста 500 аурухана мен емхана ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілген.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш