Елордада кезекте тұрған 400 отбасыға пәтер берілді

Тәуелсіздік күні елордада кезекте тұрған 400 отбасыға пәтер кілті табысталды. Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қоныстанушыларды қоныс тоймен құттықтады. Ел астанасында желтоқсан айында 2 мыңнан астам кезекте тұрған жанұя әлеуметтік пәтерге ие болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй саны 10 мың пәтерге дейін ұлғайтылды.

Елордада 400 отбасы баспаналы болды. Оның бірі Бибігүл Тұрабаева. Ол 2007 жылдан бері баспана кезегінде тұрған. Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа пәтер иесі атанды.

Бибігүл Тұрабаева, қала тұрғыны:

- Мен №1 балалар ауруханасында медбике болып жұмыс істеймін. Бүгін мен үшін ең бақытты күн. Мерекеде баспаналы болып отырмын. Осындай маңызды оқиға бүгін болғанына қуаныштымын. Баршаңызға бейбітшілік, жақсылық тілеймін!

Мемлекеттен тұрғын үй алғандар ішінде  «Отбасы банкі» арқылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кезекте тұрғандар да бар. Желтоқсанда елордада кезекте тұрған 2 мыңнан астам отбасы әлеуметтік пәтерге ие болды. Айта кетерлігі, биыл Нұр-Сұлтанда 10 мың жеңілдікті әлеуметтік пәтер салынды. Тек соңғы үш жылда қолжетімді тұрғын үй саны 5 жарым есеге артты. 

Нұрлан Нұркенов, қала әкімінің орынбасары:

- Ең алдымен Алтай Көлгіновтың атынан сіздерді Тәуелсіздік күнімен құттықтауға рұқсат етіңіз. Айтулы мереке қарсаңында жаңа пәтерлердің кілтін тапсыру мен үшін үлкен құрмет. Бүгін осы үйдің маңында біз ең заманауи жабдықтармен жабдықталған 4 мың оқушыға арналған білім ордасын аштық. Болашақта бұл аудан елордадағы ең жайлы орындардың біріне айналатынына сенімдімін.

Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы биыл да жалғасын табады.

Еске салайық, «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған.

Наргиз Бекмағанбетова