Ақтөбеде баспана құрылысы қарқындады

Тәуелсіздік жылдары Ақтөбеде халық саны екі жарым есе өскен. Мамандар мұны өңірде қалыптасқан қолайлы әлеуметтік-экономикалық ахуалмен байланыстырады. 30 жылда облыста үй салу қарқыны алты есе артыпты.

- Балалардың несібесі шығар. 14 жылдан бері жүгіріп жеттім ғой.... 

Ұлмекен Аққасанова шиеттей балаларымен жесір қалғанда пәтер кезегіне тұруға мәжбүр болған. Бұйырған баспана кілті қолына тигенше соңынан ерген 4 баланы жетектеп, жақындарын жағалап жүрді. Нәпақасын іс тігіп тауып жүрген ананың пәтер жалдауға да шамасы болмады. Ал бюджет есебінен салынған пәтердің берілгеніне шексіз қуанышты.

Ұлмекен Аққасанова, қала тұрғыны:

- Пәтер жалдауға қаражат қайдан жетеді? Қазір пәтердің өзі кем дегенде кухнясы бір бөлмесімен ала қояйын десем 70-60 мың. Әке-шешемнің үйінде болдым, апамның үйінде болдым. Бала мен адам сыя бермейді. Өзім болсам сыяр едім. 

Бұл көп қабатты үйдің 30 пәтері әлеуметтік әлжуаз тобындағы жандарға тиесілі. Жалпы Ақтөбеде қазір 24 мың адам осы тізімге енген. Соңғы он жыл ішінде баспанаға мұқтаждар саны күрт көбейген. Мамандар мұны қала халқының өсуімен тікелей байланыстырады. Мәселен, тәуелсіздік алған жылы облыс орталығында 302 мың 400 тұрғын болса, биылғы жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 513 000 ақтөбеліктің бар екендігі белгілі. Соңғы санақтың қорытындысына сай бұл көрсеткіштер тағы да өседі. 

Ұлболсын Матаева, облыстық статистика департаменті басқармасының жетекші маманы:

- Жақсы өсім негізі 2010 жылдан басталды. Ал туылғандар саны 1991 жылы 5463 адам болып тұр, 2020 жылы 12 500 адам болып тұр. Яғни 2,2 есе өсіп отыр.

Сұранысқа сай баспана құрылысы да қарқынды. Мәселен, осыдан 30 жыл бұрын Ақтөбеде жылына 200 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілсе, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш орташа есеппен 1 миллион 200 мың төңірегінде. Мәселен, биыл өңірде бой түзейтін үйлердің жалпы ауданы 1 миллион 181 мың шаршы метр.

Нағымжан Алдияров, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

- 19 көп қабатты үйдің 12-і тек қана облыс орталығында Ақтөбе қаласында салынады. Сонымен қоса бізде Ақтөбе қаласы бойынша 49 жеке компания жеке көп қабатты үйлерді салуды қарқынды жүргізуде. Олар өздеріңіз көріп отырғандай Батыс-2, Батыс-3, Нұр-Ақтөбе тұрғын үй массиві бойынша көп қабатты үйлер салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 

Ал жеңілдетілген несиеге ауданы 36 мың шаршы метр болатын 8 көп қабатты үй салынған. Әлеуметтік топтарға тиесілі 779 пәтер үлестірілді. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 9 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Алдағы жылы да жалғасын табуы тиіс. Себебі мемлекеттік бағдарлама аясында бой түзейтін жаңа нысандарға 15 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр.

Мансұр Есқожин, Айбек Даутов