Өскемен қаласы ежелде өзгеше аталған болуы мүмкін

Өскемен мың жылдық тарихы бар шаһар атануы мүмкін. Өйткені қаланың көнеде Кеңгір-тұра деп аталғаны туралы дерек табылды. Гарвард Университетінің ғылыми қызметкері, отандасымыз Нұрлан Кенжеахмет осындай жаңалық айтты. Тарихи мәлімет тұрғындарды селт еткізгені рас. Бір ақиқаты Шығыс Қазақстан облысы археологиялық қазбаларға ең бай өлке. Аймақта тарихтан сыр шертетін жәдігерлер мен деректер табылуы хақ.

Өскеменнің өткені туралы тың дерек мұхиттың ар жағынан жетті. Қаланың көне атауы Кеңгір-тұра болуы әбден ықтимал. АҚШ-тағы қазақ ғалымы осындай пікірде. Жалпы зерттеушінің бұл ойды ұстанып келе жатқанына 10 жылдан асыпты. Енді ол Гарвард университетінің кітапханасынан сөзіне сенім беретін құнды мәліметтер тапқан. Кеңгіртұра туралы жазбалар диссертация беттерінен шыққан.

Нұрлан Кенжеахмет, Гарвард Университеті Fairbank Қытай зерттеу орталығының зерттеуші ғалымы /АҚШ/:

- Бұл негізі Қытайдың Мәнжүр деректерінде кездеседі. Кітапханаға барып жаңағы диссертацияны алып, оқып көріп едім, ол студент те Кеңгір-Тұра атауын енгізген екен. Оның аты Бенджамин. Оның бұл диссертациясы Қазақ тарихына қосқан үлкен үлес деп білемін. Өйткені тарихшы ретінде Қазақ тарихының қалай және кімдердің зерттеп жатқанын жақсы білемін. Оны жазу үшін қазақтың көзімен жазу керек. 

Мәнжүр патшасынан қалған 1760 жылғы картада да Кеңгір Тұра атауы тайға таңба басқандай тұр. Өскеменнің үстінен Кеңгір өзені өткендігі туралы да материалдар бар дейді ғалым. Жергілікті ғалымдар да  Өскеменнің өзі талай тарихи сырды басып жатқанын растайды. Археолог Галина Петенева Ақбауыр археологиялық кешенін зерттеумен айналысады. 40 жылдан астам осы салада қызмет етіп келе жатқан ол Өскеменнің маңы Ертістің бойы жәдігерлерге тұнып тұр дейді.

Галина Петенова, археолог:

- Өскеменнің өзі бүтіндей тарихи жәдігерлер үстінде тұруы мүмкін. Мәселен, Ахмер, Меновное кентінен ортағасырлық дәуірдің ескі қорымдары табылды. Көптеген петроглифтер де кезедеседі. Мәселен, Ақбауыр міне қаланың дәл қасында тұр. Ол жерден сақ мәдениетінің белгілері көп табылып жатыр. Яғни мұнда қоныс болған, ел болған.

Ақбауырдан осы жаз соңында 3 аумақ қазылып, 4 мыңнан астам керамикалық зат фрагменттері табылды. Тастан жасалған еңбек құралдары да көп. Бұл сақтардың жер, егін, бау-бақша шаруашылығымен айналысқанына дәлел.

Ал белгілі тарихшы Зейнолла Самашевтың айтуынша, қазақ топонимикасында Қара кеңгір,Көк сеңгір сынды атаулар жиі кездеседі. Дегенмен «Кеңгір тұра»кеңірек зерттеуді талап етеді.

Зейнолла Самашев, археолог ғалым /Нұр-Сұлтан/:

- Ондай карталарда деректердің болуы  қызықты нәрсе, дегенмен, соның егжей-тегжейін тексергеннен кейін ғана барып,соған белгілі түрдебаға беру керек деп ойлаймын.

Бұл белдіктің сырты жыланға ұқсас қабыршақты әшекейі бар, бұл Өскменнің маңынан Ұлан ауданындағы Бозанбай деген жерден табылды.

Жер-су аттарын зерттеу үлкен ғылыми  ізденісті қажет етеді дейді  тарихшы Жаннетта Қалимолдина. Әр мәлімет шындықты сөйлеу үшін аянбай тер төгуге тура келеді.Өз студенттеріне де соны үйретеді.

Жаннета Қалимолдина, ШҚМУ «Алтай археологиясы мәдени мұрасы» музейінің директоры:

- Бізде мынадай бір дүние бар. Біреу бір нәрсе айтса жаппай екіге бөлінеміз, негатив көп шығады. Ғылыми тұрғыдан алсақ, дәлелдейтін, нақтылайтын бірнеше ақпарат көзімен жұмыс істеу керек. Мысалы, Кеңгір деген өзен бары рас, бірақ оны Өскеменмен байланыстыратын не – мұны нақтылау үшін әлі де зерттеу қажет.

Зерттеймін дегенге зерделейтін дүние көп. Шілікті, Елеке сазы, Берелден және Үржар ауданынан «Алтын адам», «Сақ ханшайымы» сынды құнды дүниелердің табылғанын мәлім. Өте нәзік жасалған алтын әшекейлерді көрген ғалымдар сол дәуірдегі қолөнершілердің шеберлігіне тәнті болды. Айтпақшы, бұл жәдігерлер қазір Ұлыбританияда Кембридж қаласындағы көрмеде тұр.

Эльмира Ахметова, Талғат Алманов, Жігер Бабаханов