«Ауыл – ел бесігі»: СҚО-да қаңырап тұрған ғимарат өнер орталығына айналды

Саумалкөлде көп жыл бойы қаңырап тұрған ғимарат өнер орталығына айналды. Нысанды жөндеуге «Ауыл– ел бесігі» жобасы бойынша 145 миллион теңгедей қаржы бөлінген. Бұған тұрғындар, әсіресе, балалар риза. Өйткені үйірмелер ойын баласын өнерге баулып, қарым-қабілетін ашады. 

Үкілі Ыбырай атындағы қосымша білім беретін орталықтың өз ғимараты болмаған. Салдарынан балалар осы уақытқа дейін әр жерде білім алып келді. Мына ғимарат бір жылда адам танымастай өзгеріп, өнердің ордасына айналды.

Әлеуметтік нысанға «Ауыл – ел бесігі» жобасы әр берді. Екі қабаттан тұратын ғимаратта қазір 430 оқушы білім алады.

Сайрамбек Жақыпов, өнер орталығының директоры:

– Біз үш жыл бойы балалар үйін жалға алып келдік. Арендада отырғаннан кейін бөлінген помещениелерімізде аздау болды. Жалпы оқушылардың саны 200-ден аспады. Көп нәрселерді ұйымдастырып, аша алмай қалдық. Енді «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ескі ғимаратты жөндеуге салып, біз осындай ғимаратқа көштік.

Қазір жастар үшін сурет, шахмат, роботатехника секілді 13 бағытта 18 үйірме жұмыс істеп тұр. Жастарды мұнда қолөнерге де баулиды. Тіпті балалар тігіншіліктің қыр-сырын меңгеріп,  қыштан мүсін жасайды.

Айзере Абаева, оқушы:

– Қыштан кесе жасап жатырмын. Бірінші қыштан ауаны шығарамыз. Сосын оны мында қоямыз. Қазір біз бұл кесені пешке саламыз. Ол мың градуста күйеді. Содан кейін ол темір сияқты қатады. Бұл – керамика балшық болады.

Ал нысанның бірінші қабатында бірнеше коррекциялық кабинет орналасқан. Бұл жерде дамуында тежелуі бар балаларға барынша көмек көрсетіледі. 

Светлана Леонова, психологиялық-педагогикалық көмек кабинетінің әдіскері:

– Бүгінде аудан бойынша 265 бала есепте тұр. Оның 23-і үйде оқиды.  Ал 40 бала осы орталыққа келеді. Мұнда олармен логопед, психолог, деффектолог сынды жеті маман жұмыс істейді.

Жалпы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша өңірде 9,7 миллиард теңгенің 75 жобасы жүзеге асып жатыр.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев