Ұлттық құндылықтар – ұрпаққа аманат

Қатонқарағайда «Дала әуені» жобасы басталды.

Мақсат – оқушыларға ұлттық аспаптарды таныстыру. Әрі оны туризм саласында ұтымды қолдануға үйрету. Қазір Өрел, Қатонқарағай ауылындағы мектептер даңғара, сырнай, шаңқобыз сынды аспаптармен жұмыс істеп жатыр. Көне сарынға қызығушылық танытқан оқушылар оркестр де құрған. 

Гүлім Оразалина Қатонқарағай ауылында Ластаев атындағы мектептің 8 сыныбында оқиды. Шаңқобыздан шыққан әуен туған өлкемнің табиғатын көз алдыма әкеледі дейді. Сондықтан осы аспапты таңдап, қазір қыр-сырын меңгеріп жүр.

Гүлім Оразалина, мектеп оқушысы:

– Бұл дыбысты мен ішімнен ою деген сөзді айтып тұрып шығарып тұрмын және ою деп естіледі. Қазақтың ұлттық оюы көз алдыма елестейді.

Бұл аспаптар ауданды тұрақты дамыту қорының демеушілігімен жинақталды. Қор 12 миллон теңгеге 121 дана инструмент алды. Олар әзірге Қатонқарағай және Өрел мектептеріне үлестірілді. Барлығы кәсіби деңгейде жасалған. Даңғара, жетіген сынды біршамасын балалар алғаш рет көріпті. Ендігі жанына жақын түрлерін таңдаған өрендерден оркестр құрылды. Олар болашақта шетелдік байқауларға қатысып, өлкеге келген туристерді де таң қалдыруға дайын.

Нұрдана Омарқызы, музыкалық жетекші:

– Таң қалдырамыз, әрине. Балалардың барлығы жетігенде, шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғыны меңгеріп, үйреніп жатыр. Мектебімізде бұрын соңды болмаған, оқушылар көрмеген даңғара, аса таяқтың түр-түрі келді.

Аспаптардан бөлек ауыл мектептеріне қаладан кем түспейтіндей жағдай жасалуда. Мына кабинет қолөнермен айналысуға толық жабдықталған. Оқушылар қазір мектепке қажетті кейбір бұйымдарды өздері тігіп береді.

Айнаш Нұрқасымова, еңбек пәнінің мұғалімі:

– Мектепке керекті әртүрлі заттар тігіп алады. Мысалы, алжапқыш тігіп алады, аспаз бөлмесіне арналған заттар немесе мектепке қажет перделер болуы мүмкін. Сондайдың барлығын өздері қолдарынан тігіп алады.

Осылайша демеушілер қоры Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесіп ауылдағы білім ошақтарын жаңа сатыға көтермек.

Серік Жүнісов, Ауданды дамыту қоғамдық қорының атқарушы директоры:

– Біздің стратегия бойынша 3 тірек ауыл мектептерін толықтай, яғни Үлкен Нарын, Қатонқарағай, Үріл мектептерін толықтай жабдықтап шығамыз. Әр мектепке қор 200 миллион теңге жұмсап отыр.

Мұндағы балалар қазір роботты техника тілін де меңгеріп алған. Қала мектебінен кем түспес үшін әлі де қаражат бөлініп, заманауи кабинеттер түгелдей жабдықталмақ. Бұл шалғайдағы жұрттың шаһарға үдере көшуін тоқтатудың негізгі бір амалы.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов